Алматылық құтқарушылар Шукур сарқырамасында аяғын жарақаттап алған 16 жастағы қызға көмек көрсетті, деп хабарлайды astana24.com ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласы Бостандық ауданындағы теңіз деңгейінен шамамен 2650 метр биіктікте орналасқан Шукур сарқырамасы маңында құтқарушыларға аяғын қайырып алып, өздігінен түсе алмай қалған 16 жастағы қыз туралы хабарлама келіп түсті.
"ТЖМ "Барыс" РҚҚ құтқарушылары берілген геолокация бойынша оқиға орнына жетіп зардап шеккен қызға алғашқы көмек көрсетіп, қауіпсіз түрде төмен түсіру жұмыстарын ұйымдастырды", – делінген хабарламада.
Олар қызды төменге дейін алып түсіп, ата-анасы күтіп тұрған жерге жеткізді. Одан кейін зардап шеккен қыз жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
Алматы облысында осыған ұқсас тағы бір жағдай белгілі болды.
Қарасай ауданы "Терра" алаңы маңында биіктігі 2600 метр таудан түсу кезінде аяғын қайырып алған 2006 жылы туған азаматқа көмек қажет болды.
Алматы қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары азаматты Проходное шатқалына дейін түсіріп, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырды. Кейін ол қалалық ауруханаға жеткізілді.
