in

Ақтөбеде республикалық экологиялық акция аясында тал көшеттері отырғызылды

Бүгін Ақтөбе қаласы "Алматы ауданы" Есет батыр тұрғын алабында, Зинолла Қабдолов көшесінде орналасқан жасыл аймақта "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы және екі айлық сенбілік науқаны аясында тал көшеттері отырғызылды, деп хабарлайды Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Аумақты абаттандыру мақсатында үйеңкі мен ива ағаштары отырғызылды.

Шараға жергілікті тұрғындар, мекеме ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ белсенді азаматтар қатысып, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға және абаттандыруға өз үлестерін қосты.

Айта кетсек, былтыр аудан аумағында 2500 ағаш көшеті отырғызылса, биыл 5000-ға жуық ағаш көшетін отырғызу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар қазіргі уақытта қала аумағында екі айлық сенбілік науқаны жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Науқан шеңберінде көшелерді, саябақтарды, скверлер мен аулаларды санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Жүргізіліп жатқан іс-шаралардың негізгі мақсаты – қаланың санитарлық жағдайын жақсарту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарға қолайлы орта құру.