in

"Бүркіт" арнайы жасағының қатарына алғаш рет жауынгер қыз қабылданды (видео)

ІІМ Ұлттық ұланының "Бүркіт" арнайы жасағының қатарында алғаш рет бойжеткен қызмет ете бастады. "Китана" бүркеншік атымен танылған Қымбат халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, беделді арнайы жасақтың жауынгері атанды, деп хабарлайды astana24.com ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қымбаттың "Бүркіт" жасағына келуі Дубайда өткен SWAT Challenge халықаралық жарысымен байланысты. Ол бұл додада Қазақстан атынан өнер көрсеткен "Томирис" қыздар командасының құрамында бақ сынады. Әйелдер арасындағы санатта қазақстандық команда қарсыластарынан озып, бірінші орынды иеленді. Ал жалпы командалық есепте 18-орынға тұрақтап, бірқатар ерлер құрамаларынан жоғары нәтиже көрсетті.

Жарыс барысында мергендігімен көзге түскен Китанаға "Бүркіт" арнайы жасағы ұсыныс тастайды. Ол көп ойланбастан келісім беріп, осылайша бөлімше тарихындағы алғашқы әскери қызметші қыз атанды.

Қымбаттың спорттағы жетістіктері де аз емес. Ол – қоян-қолтық ұрыстан алты дүркін Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының күміс және екі қола жүлдегері, әлем кубогы, Еуропа және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері.

Джиу-джитсудан үш дүркін әлем, Азия чемпионы және екі дүркін Еуропа чемпионы атанған. ММА бойынша Қазақстан және Азия чемпионы, жауынгерлік самбодан ел чемпионы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері.

️Бұдан бөлек Дүниежүзілік полиция ойындарында дзюдодан алтын, джиу-джитсудан күміс медаль жеңіп алған. Қоян-қолтық ұрыс, джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбо мен ММА-дан спорт шебері.

Қазір Қымбаттың алға қойған басты мақсаты – күрең берет сынағынан сүрінбей өту. Бұл сынақ жауынгердің дене дайындығын, төзімділігі мен рухының беріктігін талап етеді. Мақсатына жетсе, ол Ұлттық ұлан тарихында күрең беретке қол жеткізген алғашқы жауынгер қыз атанбақ.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ҚР Ұлттық ұланы (@ulttyq_ulan_resmi)