in

Ми қайнатар ыстық: Алматыда көшелерді суару және ауаға су бүрку жұмыстары күшейтіледі

Алматыда аптап ыстыққа байланысты көшелерді суару және ауаға су бүрку жұмыстары күшейтіледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған astana24.com.

"Қазгидромет" РМК мамандарының болжамына сәйкес, 16-20 шілде аралығында Алматыда аптап ыстық күтіледі. Кей жерлерде ауа температурасы +42 градусқа дейін жетіп, биылғы маусымда алғаш рет +40 градустан асып, климаттық нормадан едәуір жоғары болады.

Әкімдіктің мәліметінше, ауа температурасының көтерілуіне байланысты көше-жол желісін күтіп ұстау және қалалық аумақтарды қосымша салқындату шараларын күшейту туралы шешім қабылданған.

Осы кезеңде негізгі магистральдық көшелерде және адам көп жүретін учаскелерде жол жабынын суарып, ауаға су бүрку (аэрация) жұмыстарын жүргізетін 16 арнайы техника жұмылдырылады. Жұмыс тәуліктің ең ыстық уақытында жүргізіліп, қаланың 128-ден астам көшесін қамтиды.

"Сонымен қатар көше-жол желісін күнделікті санитарлық күтіп ұстау жұмыстары жалғасады. Қазіргі уақытта жолды, тротуарды, аялдама павильондарын және қалалық инфрақұрылымның басқа да нысандарын жууға 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылған", – делінген хабарламада.

Аэрация және суару жұмыстары жол жабыны маңындағы ауа температурасын төмендетуге, шаңның көтерілуін азайтуға, асфальттың қызып кетуінің алдын алуға және осындай аптап ыстық кезінде жол жабынына түсетін температуралық жүктемені төмендетуге мүмкіндік бермек.