Шымкенттік жас түлек Жанерке Жүнісәлі халықаралық деңгейде айрықша жетістікке қол жеткізді. Ол әлемнің 118 университетінен оқуға шақырту алған, деп хабарлайды қала әкімдігіне сілтеме жасаған astana24.com.
Шымкент әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Жанерке Жүнісәлі өзінің жоғары академиялық көрсеткіштері мен терең білімінің нәтижесінде әлемнің 118 беделді жоғары оқу орнынан ресми шақырту алып, рекордтық нәтиже көрсеткен.
Екі жыл тыңғылықты дайындалған ол IELTS сынағынан 6.5 балл жинаған.
Жанеркеге АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Италия, Испания, Түркия, Малайзия, БАӘ және Оңтүстік Корея секілді мемлекеттердің жетекші университеттері гранттар мен арнайы шәкіртақылар ұсынған.
Қазіргі таңда Жанерке Малайзия университеттері тарапынан түскен ұсыныстарды белсенді қарастырып, өзінің болашақ кәсіби бағытын осы елдегі оқу орындарының бірімен байланыстыруды жоспарлап отыр.
