in

Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік рақымшылыққа кім ілігуі мүмкін: ІІМ түсіндірді

ІІМ Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік істер бойынша рақымшылыққа кім ілігуі мүмкін екенін түсіндірді. Бұл туралы министрліктің ақпараттық медиапорталы Polisia.kz-ке сілтеме жасаған astana24.com хабарлайды.

Қылмыстық рақымшылық

ІІМ желісі бойынша қылмыстық рақымшылық қылмыстық теріс қылықтар мен аса ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарға қолданылады. Сондай-ақ ол ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған, залал келтірілмеген немесе толық өтелген жағдайда қолданылуы мүмкін.

Адамдардың жекелеген санаттары үшін қылмыстың ауырлығына және сотталғанның тәртібіне байланысты жаза мерзімін қысқарту көзделген.

"Қылмыстық рақымшылық шаралары 15 мыңнан астам адамға, соның ішінде түзеу мекемелеріндегі 1,5 мың сотталғанға қатысты болуы мүмкін. Заң жобасы белгіленген нормаларды сақтауға және заңға бағынатын өмір салтын ұстануға дайын екенін дәлелдеген азаматтарды қоғамға қайтаруға жағдай жасауға бағытталған", – дейді ІІМ-нің заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаменті бастығының орынбасары Ермек Шүлден.

Оның айтуынша, рақымшылық жариялау қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірмейді, себебі заң жобасында нақты шектеулер мен ерекшеліктер көзделген.

Рақымшылық террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағандарға, ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамында жасалған әрекеттерге қатысты, азаптау, сондай-ақ жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.

"Бұдан бөлек, рақымшылық рецидив жағдайларында қолданылмайды. Осылайша, құжат ауыр және қоғамға қауіпті әрекеттер үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидатын сақтайды: құқық бұзушылық қайта жасалған жағдайда жауапкершілік шаралары жалпы негіздерде қолданылады", – деп түсіндірді Ермек Шүлден.

Әкімшілік рақымшылық

Тәуелсіз Қазақстан тарихында әкімшілік рақымшылық алғаш рет өткізілгелі отыр. Әкімшілік рақымшылық 15 мемлекеттік органның құзыретіне жататын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабын қамтиды.

Әкімшілік рақымшылық аясында азаматтарды, жеке кәсіпкерлерді, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын адамдарды (нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушыларды) 2026 жылғы 17 наурыз сағат 24:00-ге дейін жасалған құқық бұзушылықтар үшін орындалмаған әкімшілік айыппұлдардан босату көзделеді.

"Бұл шара халық пен кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жүктемесін азайтуға, сондай-ақ олардың одан әрі экономикалық белсенділігін ынталандыруға бағытталған.

Тек ІІМ желісі бойынша бұл шара 17 млрд теңгеден астам сомаға шамамен 1 млн әкімшілік айыппұлды қамтиды", – деді ІІМ өкілі.

Әкімшілік рақымшылық кімге қолданылмайды

"Әкімшілік рақымшылық адамдардың өмірі мен қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға қолданылмайды. Олардың қатарында қару мен есірткінің заңсыз айналымы, жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу (мас күйде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу және жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соққан басқа да бұзушылықтар), сондай-ақ қайталанған құқық бұзушылықтар мен соттар қарайтын істер бар.

Осылайша, әкімшілік рақымшылық жүргізу қолданыстағы бақылау тетіктеріне және қоғамдық қауіпсіздік деңгейіне теріс әсер етпейді. Жолдарда және қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтауды бақылау толық көлемде сақталады", – деді спикер.

Естеріңізге сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты бірқатар қымыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жасау туралы бастама көтеріп, парламентке қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауды тапсырған еді.