in

60-тан астам қазақстандық магистратураға түсу мүмкіндігінен айырылды

Қазақстанда магистратураға түсу үшін өткізілген кешенді тестілеудің аралық қорытындысы шықты – 67 қатысушы ереже бұзған, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған astana24.com.

Ведомствоның ресми сайтында магистратураға түсуге ниет білдірген 43 мыңнан астам адам тестілеуден өткені хабарланды.

"Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша түсушілердің 44 пайызы, бейінді бағыт бойынша 21 пайызы шекті балл жинады. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша орташа көрсеткіш 75 балл, бейінді бағыт бойынша 23 балл болды. Ең жоғары балл – 138", – делінген хабарламада.

Тестілеу басталғалы 67 түсушінің нәтижесі жойылған. Оның ішінде 49 түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 18 адам шығарылып, нәтижелері жойылған.

"Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляция беруге болады. Түсушілер емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция 7 жұмыс күні ішінде қарастырылады, одан соң сертификат түсушінің Жеке кабинетінде қолжетімді болады", – делінген хабарламада.

Ведомство магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 61 мыңнан астам өтініш келіп түскенін, магистратурада оқуға 11 мыңға жуық грант бөлінгенін еске салды.