in

IGTIC басшысы өңірдің жаңа экологиялық архитектурасы туралы: Қазақстан бүкіл Орталық Азия үшін жасыл инфрақұрылым қалыптастырып жатыр

Орталық Азия климаттық тәуекелдер мен өнеркәсіпті жаңғырту қажеттілігінің ықпалымен қарқынды өзгеріп келеді. Өңірде су қауіпсіздігі, экожүйелердің тозуы, энергия тиімділігі және экономиканың тұрақтылығы мәселелері барған сайын өзекті болуда. Қазақстан бұл сын-қатерлерге жасыл трансформацияның институционалдық және технологиялық инфрақұрылымын қалыптастыру арқылы жүйелі түрде жауап беруде. Бұл үдерісте Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының (IGTIC) рөлі ерекше. Орталықтың қызметі мен өңірлік бастамалар туралы біз IGTIC Басқарма төрағасы Сәкен Қалқамановпен сұхбаттастық.

Сәкен Амангелдіұлы, IGTIC ұйымының бүгінгі күнгі басты миссиясы қандай?

– Біз жасыл трансформацияның инфрақұрылымын тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін қалыптастырып жатырмыз. IGTIC – Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты ұйым және экологиялық саясатты, технологиялар мен инвестицияларды біріктіруші институт ретінде жұмыс істейді. Біздің міндетіміз – тұрақты дамуды декларациялар деңгейінен нақты құралдар деңгейіне көшіру. Бұл – стандарттар, инвестициялық тетіктер, технологияларды қолдау, стартаптарды акселерациялау және халықаралық ынтымақтастық.

Бүгінде біздің қызметіміз екі негізгі бағытқа негізделген. Біріншісі – экологиялық реттеу мен өнеркәсіпті жаңғыртудың заманауи құралы ретінде ең үздік қолжетімді технологиялар (ЕҚТ) жүйесін дамыту. Екіншісі – жасыл технологияларды ілгерілету, шешімдер тізілімін қалыптастыру, инновациялық жобаларды акселерациялау және жасыл қаржыландыруды тартуға қолайлы жағдай жасау.

– Бүгінде Ең үздік қолжетімді технологиялар бюросы Қазақстанның экологиялық реформасын іске асыруда қандай рөл атқарады?

– Ұлттық ЕҚТ бюросы Экология кодексінде көзделген жаңа экологиялық стандарттарға өнеркәсіптің көшуінде негізгі институционалдық функцияны атқарады. Біз бұл үдерісті – кешенді технологиялық аудиттер жүргізуден бастап салалық анықтамалықтарды әзірлеуге дейін әдіснамалық, сараптамалық және талдамалық тұрғыдан сүйемелдейміз.

Бүгінгі таңда шығарындылар көлемі бойынша ТОП-50 қатарына кіретін ірі өнеркәсіптік нысандарда 120-дан астам кешенді технологиялық аудит жүргізілді. Осы деректер негізінде ЕҚТ бойынша 23 анықтамалық әзірленіп, бекітілді. Олар іс жүзінде экологиялық реттеудің жаңа жүйесін қалыптастырып отыр. Оның ішінде жетеуі Еуропалық одақта баламасы жоқ құжаттар. Бұл мұнай-газ өндіру, титан мен магний өндірісі, кен байыту және сарқынды суларды тазарту сияқты салаларды қамтиды.

ЕҚТ – бұл тек өндірістен кейінгі шығарындыларды бақылау емес, өндірістің бүкіл өмірлік циклін басқару тәсілі. Мұндай көзқарас қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтумен қатар, кәсіпорындардың технологиялық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

– ЕҚТ бюросы бүгінде бизнес пен мемлекетке қандай практикалық құралдар ұсынып отыр?

– Негізгі құралдардың бірі – инвестициялық және өнеркәсіптік жобалардың ЕҮҚТ қағидаттарына сәйкестігіне сараптамалық бағалау жүргізу. Бұл, шын мәнінде, жобалау кезеңінің өзінде қоршаған ортаға ықпал ету деңгейін анықтауға, ұсынылған шешімдерді халықаралық стандарттармен салыстыруға және заманауи экологиялық технологияларды алдын ала енгізуге мүмкіндік беретін технологиялық және экологиялық аудит.

Бұл – тәуекелдерді азайтуға және жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған тиімді құрал.

Екінші маңызды бағыт – кешенді экологиялық рұқсаттар жүйесін енгізуді сүйемелдеу. Өткен жылы біздің сараптамалық қолдауымызбен Қазақстанда алғаш рет сарқынды суларды тазарту нысаны кешенді экологиялық рұқсат алды. Бұл – жаңа экологиялық заңнаманы іс жүзінде іске асырудың нақты нәтижесі.

2025 жылы барлық қалдық түрлерін басқару тұжырымдамасы әзірленіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен бекітілді.

Сонымен қатар біз цифрлық шешімдерді дамытып, өңірлік экологиялық күн тәртібін қалыптастырудамыз. Орталық Азияның ЕҚТ бюросын құру жөніндегі бастама халықаралық серіктестер мен өңір елдерінің қолдауына ие болды. Бұл ұлттық реформадан Орталық Азияның біртұтас экологиялық кеңістігін қалыптастыру кезеңіне көшуді білдіреді.

– Екінші бағыт – жасыл технологиялар. Бұл бағытта қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

– Орталықтың негізгі құралдарының бірі – Жасыл технологиялар мен жобалар тізілімі. Бүгінгі таңда тізілімге 71 технология мен жоба енгізілген. Оның ішінде 30-ы 2025 жылы, ал 4-еуі 2026 жылы қосылды. Бұл – таза отын түрлері, ормандарды қалпына келтіру, ауаны тазарту, экологиялық көлік, мұнай қалдықтарын қайта өңдеу, энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көздері, тұрақты ауыл шаруашылығы және су ресурстарын тазарту салаларындағы шешімдер.

Қазақстан Орталық Азияда БҰҰ Өнеркәсіптік даму ұйымының (ЮНИДО) және Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен іске асырылатын Таза технологиялар саласындағы жаһандық инновациялар бағдарламасын (GCIP) енгізген алғашқы әрі бүгінгі таңда жалғыз ел болды.

Үш жыл ішінде бағдарламаға 550-ден астам өтінім қабылданып, шамамен 100 стартап акселерациядан өтті. Бағдарлама түлектерінің жалпы табысы 2 миллион АҚШ долларынан асты. Бүгінде біздің жобалар халықаралық деңгейде жеңіске жетіп, әлемдік аренада өз әлеуетін дәлелдеуде.

Ozen-M – 2024 жылы Венада өткен Cleantech Days байқауында әлем бойынша екінші орынға ие болды. Murat Beton Technology – 2025 жылы Стамбулда өткен ЮНИДО байқауында бірінші орын алды. Hydro Tech ATM – биыл Венада өткен жарыста үздік үштікке енді және "ең үздік жас жоба" атанды: оның негізін қалаушы Дана Қадырбек ауадағы ылғалдан су өндіретін технологияны әзірлеген.

– IGTIC жасыл қаржыландыруда қандай рөл атқарады?

– Біз жасыл технологиялар тізілімінің жүйелік операторы функциясын орындаймыз және жобалардың жасыл технологиялар критерийлеріне сәйкестігі туралы қорытындылар дайындаймыз. 2024 жылы "Даму" қорына өтінім беру үшін электр көліктерін сатып алу жобасы бойынша қорытынды әзірленді.

Сонымен қатар біз Жасыл климат қорымен өзара іс-қимыл жөніндегі Readiness бағдарламасын іске асырамыз. Екінші кезең аясында 998 мың АҚШ долларының 814 мың АҚШ доллары игерілді, UNOPS үшін есептер дайындалды. Үшінші кезеңге 1 млн АҚШ доллары көлеміндегі өтінім қаралып жатыр.

Бұдан бөлек, біз Қазақстанның Даму банкін Жасыл климаттық қорға аккредитациялау мәселелері бойынша сүйемелдедік, бұл халықаралық климаттық қаржыландыруды тартуға негіз қалыптастырады.

– Қазақстанда Өңірлік экологиялық саммит пен RES 2026 EXPO көрмесі өтті. Олар тұрақты экологиялық болашақты қалыптастыруда қандай рөл атқарады?

– Сәуір айында Астана Орталық Азияның халықаралық экологиялық диалогының орталығына айналды. Қазақстанның бас қаласында өңір елдерін климат пен экология саласындағы негізгі сын-қатерлер бойынша келісілген шешімдер әзірлеу үшін біріктірген Өңірлік экологиялық саммит өтті. Саммитте климаттың өзгеруі, су ресурстарының тозуы, қалдықтарды тұрақты басқару және жасыл технологияларды енгізу мәселелері қаралды.

Саммитке 9 мемлекет басшысы, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, даму институттарының, ғылыми қауымдастықтың, бизнестің және азаматтық қоғамның өкілдерін қоса алғанда шамамен 1500 ресми делегат қатысты.

Саммиттің күн тәртібі климаттық трансформация және бейімделу, азық-түлік қауіпсіздігі, экожүйелердің тұрақтылығы, жасыл қаржыландыру, төмен көміртекті технологиялар, сондай-ақ Арал теңізі экожүйесін қалпына келтіру және Каспий теңізі деңгейінің төмендеуін азайту мәселелерін қамтыды.

Саммиттің практикалық жалғасы ретінде халықаралық жасыл технологиялар және тұрақты шешімдер көрмесі RES 2026 EXPO өтті. Іс-шараны ұйымдастыруға Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (IGTIC) қолдау көрсетті. Көрмені 20 000-нан астам адам тамашалап, әлемнің 30-дан астам елінен 130-дан астам компания-экспонент қатысты.

RES 2026 EXPO тұрақты дамуды абстрактілі тұжырымдама ретінде емес, нақты жобалар, серіктестіктер және инвестициялық тетіктер жиынтығы ретінде қарастыратын қолданбалы платформа ретінде қалыптастырылды.

Мемлекеттік сектор үшін RES 2026 EXPO бизнес және халықаралық серіктестермен ашық диалог құралына айналды, бизнес үшін – реттеушілерге, инвесторларға және жаңа нарықтарға тікелей қолжетімділік мүмкіндігі болды, ал қоғам үшін – экологиялық күн тәртібін қалыптастырудың ашық алаңы ретінде қызмет етті. Платформа B2B, B2G және B2C форматтарын біріктіріп, идеяларды жол карталарына, ал кездесулерді ұзақ мерзімді серіктестіктерге айналдыруға жағдай жасады.

– Көрме аясында өңірдің инвестициялық және технологиялық күн тәртібіне әсер ете алатын қандай жүйелік бастамалар таныстырылды?

– RES 2026 көрмесінің маңызды ерекшелігі – өңірдің экологиялық архитектурасын ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының екі стратегиялық бастамасының таныстырылуы болды.

Олардың біріншісі – GCIP бағдарламасының әдіснамасы негізінде құрылатын Орталық Азияның жасыл акселерация орталығы (Green Acceleration Center). Бұл бастама өңірлік GreenTech хабын қалыптастыруды, климаттық және таза технологияларды акселерациялауды, стартаптар мен шағын және орта бизнесті қолдауды, қаржыландыру мен инвестициялық құралдарға қолжетімділікті қамтамасыз етуді, сондай-ақ реттеушілік кедергілерді жоюды көздейді.

Орталық Қазақстанның табысты шешімдерін Орталық Азия елдеріне – Өзбекстанға, Қырғызстанға және өңірдің басқа мемлекеттеріне кеңейтуге арналған алаңға айналады.

Екінші бастама – "Ең үздік қолжетімді технологиялар жөніндегі Орталық Азия бюросы". Ол өнеркәсіпте ЕҚТ енгізу бойынша бірыңғай мемлекетаралық ғылыми-техникалық және әдістемелік платформаны қалыптастыруға бағытталған.

Бюро экологиялық талаптарды үйлестіруді, ЕҚТ анықтамалықтарын әзірлеу және бейімдеуді үйлестіруді, пилоттық жобаларды іске қосуды, технологиялық аудиттер жүргізуді және біліммен алмасуды қамтамасыз ететін бірыңғай өңірлік цифрлық платформаны құруды көздейді.

Бұл бастаманы жүзеге асыру Орталық Азия өнеркәсібінің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және экологиялық тиімді технологияларға көшуді жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ЕҚТ бойынша цифрлық платформаны құру жоспарлануда – ол анықтамалықтар кітапханасын, үздік тәжірибелер дерекқорын, сарапшыларға арналған коммуникациялық алаңды және білім беру модульдерін біріктіретін орталықтандырылған білім базасы болады.

Бұл өңірде экологиялық талаптардың ашық әрі салыстырмалы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

– Халықаралық бизнеске қандай үндеу жасайсыз?

– Орталық Азия жүйелі жасыл трансформация кезеңіне қадам басып келеді. Экологиялық технологиялар, тұрақты шешімдер немесе жасыл қаржыландыру саласында жұмыс істейтін бизнес үшін қазіргі уақыт — өңірлік нарыққа шығудың ең қолайлы сәті.

Автор: Меруерт Шукуева