Индонезияның көші-қон органдары Балиде шетелдік азаматтардың, оның ішінде қазақстандық әйелдің ұсталғанын мәлімдеді. Олардың кейбірі жезөкшелікке байланысты күдікке ілінген, деп хабарлайды astana24.com.
Ведомствоның дерегінше, Чангу, Умалас және Семиньяк аудандарында жүргізілген рейд барысында 13 адам – 12 қыз бен бір жігіт ұсталған.
Мәліметтерге қарағанда, Умаластағы виллалардың біріне бақылау орнатылған. Жергілікті органдардың мәлімдеуінше, кейіннен сол жерден Ресейдің үш азаматы мен Қазақстанның бір азаматы ұсталған.
Олардың барлығында мерзімі әртүрлі қонақ визасы болғаны атап өтілді.
Барлығы одан әрі тексеру үшін Нгурах-Рай көші-қон басқармасына жеткізілген.
Бұл ақпаратқа қатысты пікір алу үшін NUR.KZ тілшісі Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне жүгінді.
