in

"Заңды талаптарды орындауды сұраймыз": терроризмге қарсы жедел штаб алматылықтарға үндеу жасады

Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб қала тұрғындары мен қонақтарына бейсенбі, 6 тамыз күні өтетін терроризмге қарсы оқу-жаттығулар туралы ескертті, деп хабарлайды astana24.com.

Терроризмге қарсы күрес жөніндегі Алматы қалалық жедел штабының мәліметінше, 6 тамызда сағат 08:00-ден 13:00-ге дейін Алматы қаласы, Құлжа тасжолы, 2 мекенжайында орналасқан "Халық Арена" көпфункционалды кешенінің аумағында жоспарлы антитеррорлық оқу-жаттығуы өтеді.

Оқу-жаттығу барысында адамдар көп шоғырланатын нысандардағы түрлі ықтимал жағдайларға жедел әрекет ету мәселелері пысықталады.

"Осыған байланысты азаматтардан қауіпсіздік шараларын сақтауды, сондай-ақ іс-шараға тартылған мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауды сұраймыз. Ресми ақпарат көздеріне сүйеніп, жалған мәліметтердің таралуына жол бермеулеріңізді өтінеміз", – делінген хабарламада.

Жедел штаб Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 443-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысушы тұлғаның заңды талабына бағынбау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.