Италияда оқып жүрген Қазақстан азаматы көз жұмды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасаған astana24.com.
Telegram-дағы Qumash арнасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, италиялық БАҚ 21 жастағы қазақстандық жігіттің қайтыс болғанын хабарлаған.
Марқұмның денесі 9 маусымда Бриатико қаласындағы жағалаудағы жартастардың арасынан табылған. Оның өліміне суға батып кетуі себеп болуы мүмкін.
Досының айтуынша, марқұм Оралдағы НЗМ түлегі және Кассинодағы Unicas университетінің үшінші курс студенті болған.
Бұл ақпаратқа қатысты ресми жауап алу үшін NUR.KZ тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне жүгінді, ведомство қазақстандық азаматтың қайтыс болғанын растады.
"Сыртқы істер министрлігі марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтады. Қазақстанның Италиядағы елшілігі және Италияның құзыретті органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр", – деп нақтылады министрлік өкілдері.
Ведомство өкілдері қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста екенін және қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын атап өтті.
