in

Өзбекстан АҚШ-тан футболшыларының қатаң тексеруден өтуіне қатысты түсініктеме сұратты

Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Омонулла Файзиев ұлттық құрама футболшыларын қатаң тексеруге қатысты ел билігі АҚШ-тан ресми түсініктеме сұратқанын мәлімдеді, деп хабарлайды astana24.com РИА Спортқа сілтеме жасап.

Басылымның хабарлауынша, бұған дейін Өзбекстан құрамасы АҚШ-қа келгенде күшейтілген қауіпсіздік тексеруінен өткені хабарланған. Кейін футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасының бапкері Фабио Каннаваро өз ойыншыларының АҚШ-та қатаң тексеруден өткенін растады.

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы басылымға жағдайға қатысты пікір білдірді.

"Футболшыларымызға қатысты жағдайға байланысты еліміздің Нью-Йорктегі Бас консулдығы арқылы АҚШ-тың тиісті мекемелерімен байланыс орнатылды және жағдайды ресми түрде түсіндіру сұралды", – деді Файзиев.

Соған қарамастан, ол өзбек тарабына әлем чемпионаты сияқты ірі турнирдегі қауіпсіздік шаралары сақталатыны түсінікті екенін атап өтті.

"Біз мұндай процестер спорттық іс-шаралардың рухын, атап айтқанда, өзара құрмет пен достық қарым-қатынасын бұзбауы маңызды деп санаймыз", – деп түйіндеді баспасөз хатшысы.

Бұған дейін БАҚ-та Өзбекстан құрамасының Нью-Йоркке келгеннен кейін күшейтілген тексеруден өткені туралы ақпарат тараған болатын. Делегация мүшелерін арнайы қызметкерлер мен қызметтік иттердің көмегімен тексергені хабарланған

Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатыспақ.