in

Тойда 4 млн теңге тарту етіп, көптің талқысына түскен депутат бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді

Үйлену тойы кезінде түсірілген видео қазақстандықтардың назарына ілікті. Видеода қонақтардың бірі себетке 4 миллион теңгені тарту етіп салғанын байқауға болады. Қомақты қаражат ұсынған қонақ Ақтөбе мәслихатының депутаты Аслан Қайырғалиев болып шықты, деп хабарлайды astana24.com.

Тойда түсірілген видео көпшілік арасында пікірталас тудырды. Халықтың пікірі екіге бөлінді: кейбірі мұндай жомарттықты оң санаса, енді бірі, керісінше сынға алған.

Артынша Ақтөбе мәслихатының депутаты Instagram парақшасында бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді.

"Баршаңызға қайырлы күн, құрметті қала тұрғындары! Әлеуметтік желіде тараған видеоға байланысты өзімнің жеке түсініктемемді беруді жөн көрдім. Бұл менің бала кезден бірге өсіп келген жақын досымның тойы болатын.

Видеода көргендеріңіздей, барша достың атынан жиналған сыйлықты тарту сәті көрсетілген. Мен тойда жігіт жолдас болғандықтан, сыйлықты салу сәті маған ұсынылды. Бұл жалпы менің өз қаражатым емес, барша достардың атынан жиналған тарту еді.

Сондай-ақ сол жердегі іс-әрекетім, яғни ақшаны санау сәті көзге оғаш көрінгенін енді түсініп жатырмын. Бұл жерде ешқандай да бір мақтану немесе назар аудару әрекетім, ниетім болған емес. Бұл жерде жай ғана досымның, жақын досымның тойындағы қуанышты эмоциялық сәт қана болатын.

Қоғамдағы азамат ретінде айтылған сын пікірлерді толықтай қабылдаймын және де алдағы уақытта мұндай іс-әрекеттерге жол бермеймін", – деді Аслан Қайырғалиев.

Ақтөбе мәслихатының ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Аслан Қайырғалиев 1998 жылы 7 тамызда Ақтөбе облысының Ойыл ауылында дүниеге келген.

2016 жылдан 2020 жылға дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша білім алды.

2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ЖШС "Анвар" директорының орынбасары қызметін атқарады.

2025 жылғы 26 қазаннан бастап №8 бір мандатты сайлау округі бойынша Ақтөбе қаласы мәслихатының сегізінші шақырылымының депутаты болып сайланды.