Енді ит-мысығын далаға тастай салатындар қомақты айыппұл төлейді. Экология министрлігі жазаны қатаңдататын норма 24 тамыздан бастап іске қосылатынын жеткізді. Жануар қожайыны әрі қарай төртаяқты "досына" қарай алмайтын болса, өзі хабарлама беріп, жаңа иесін табуға тиіс. Егер шыдамы жетпей арнайы панажайларға тапсырса, сол уақыт аралығында бар шығынды өз мойнына алады. Жаңа норманың қаншалықты орындалуы мүмкін екенін "КТК" тілшісі анықтап қайтты.
Экология министрлігі 24 тамыздан бастап күшіне енетін жаңа норманы қабылдады. Енді қандай да бір себеппен бір кездері бауырына басқан үй жануарын түзге тастайтындар айыппұл арқалайды. Мамандар қашқын қожайынды ит-мысықтың құлағындағы чиптен анықтайтын болады.
"Әрі қарай күтім жасай алмайтын болса, онда оны жаңа иесіне беру керек. Беруге дейін, жануарларға арналған панажайға орналастырғанға дейін өз иелігінде болады", – дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы Олжабек Холов.
Бұл норма тек үй жануары тіркеуге алынып, бірыңғай дерекқорға енгізілген жағдайда ғана жұмыс істейді. Қожайынын іздеп тапқан арнайы ветеринар мамандар желкелеп жүріп құзырлыларға табыстайды. Хаттама толтырылады, еш уәжіне қарамастан, 130 мың теңге айыппұл салынады.
"Егер жануарлардың иесі үй жануарын керек етпей, оны шығарып тастайтын болса, оған Әкімшілік кодексінде жауапкершілік көзделген. Жауарлардың иесіне 30 АЕК айыппұл салынады", – дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы Олжабек Холов.
Үй жануарын жанындай жақсы көріп, көпқабатты үйдің бір бөлмесін арнайы Лаккиге бөлген Нина әжей заңды қос қолдап қолдайтындардың қатарынан. Кезінде итінің бірінші иесі де дерті дендеп, сырқаттанған соң, жануарының болашақтағы жай-күйін ойлап, өзі көзі тірісінде бәрін жайғастырып кетіпті.
"Біз хабарлама көріп қалдық. Иесі алдағы уақытта қарай алмайтын болғандықтан, ит сатылып жатыр деген. Бес жаста екен. Бірден хабарласып, кездестік. Сенесіз бе, бір-бірімізге жабысып қалдық қой, құшақтасып. Ол иесі ретінде дәл мені күткендей сезімде болдым", – дейді Нина Назарова.
Нина әжейдің басындағы оқиғадай, өмірде барлығы сәтті аяқтала бермейді. Жауапты сала өкілдері көбіне ит-мысықты, тотықұс пен декоративті тышқандарды иесі желігі басылған соң тастай салады дейді. Бір жылда заң өз нәтижесін бермесе, айыппұл көлемі тағы артылады.
Дереккөз: "КТК" арнасы
