in

Қазақстанды велосипедпен аралап жүрген саяхатшы қазақ қызы Алматыға жетті (фото)

Қазақстанды велосипедпен аралап жүрген саяхатшы Бүрлен Әділет Алматыға келді, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған astana24.com.

Бүрлен Әділеттің сапары 20 сәуірде Ақтаудан басталған. Осы уақыт ішінде ол еліміздің батыс және оңтүстік өңірін аралап, шамамен 3800 шақырым жол жүріп өтіп, Алматыға табан тіреген.

Бұл оның оңтүстік астанаға алғаш келуі емес. Бұған дейін де Алматыда болған саяхатшы қала тұрғындарының қонақжайлығы мен табиғатының ерекше сұлулығын жоғары бағалайтынын айтады. Алда оны Астанаға жалғасатын жаңа бағыт күтіп тұр.

Бүрленнің саяхаттағы серігі – Орал есімді марғау. Бүрленнің айтуынша, бұл атаудың өзіндік символдық мәні бар. Ол туған қаласы Оралды, тарихи Отанына оралу идеясын және бүкіл саяхаттың рухани мазмұнын білдіреді.

Саяхатшы бұл жолды жаңа тәжірибе жинап, елдің тарихы мен мәдениетін тереңірек танып-білуге мүмкіндік беретін ерекше сапар деп санайды.

"Менің мақсатым – Қазақстанның сұлулығын барынша көп адамға көрсету. Әр сапарымды камераға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаймын. Шетелде туып-өскен қазақтар өздерінің қандай әсем Отаны бар екенін көрсе деймін. Қазақстанды толық аралап, оның тарихы мен мәдениетін тереңірек танығым келеді", – деді Бүрлен Әділет.