Қорғаныс министрлігі желіде тарап жатқан мерзімді қызметтегі матростар А.А. Ахметов пен Ә.А. Мағауия туралы ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды astana24.com.
Әлеуметтік желіде Каспий теңізінде суға кеткен әскери қызметшілердің саны алғашында 19 деп хабарланып, кейін 17 екені белгілі болған кезде екі матростың тағдырына қатысты сұрақтар туындай бастады.
Қорғаныс министрлігінің Telegram-дағы арнасында хабарланғандай, әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу барысында жеке құрамның бір бөлігі жағалауда болып, тиісті оқу міндеттерін орындаған.
Мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болды.
"Қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімнің орналасқан жерінде және күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүр", – делінген хабарламада.
Министрлік азаматтарды тексерілмеген және жалған ақпарат таратпауға, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің ресми хабарламаларына сүйенуге шақырды.
