in

АҚШ-та түсік тастағаны үшін түрмеге қамалған әйел 1,6 миллион доллар өтемақы алды

Невада штатының тұрғынына жүктілігі үзілгеннен кейін абайсызда кісі өлтірді деген айып тағылып, екі жылдан астам уақыт түрмеде отырып шықты. Әйел жазықсыз қамалғаны үшін 1,6 миллион доллар көлемінде өтемақы алды. Бұл туралы astana24.com People басылымына сілтеме жасап хабарлады.

2018 жылы 26 жастағы әйелдің жүктілігі мерзімінен бұрын үзілген. Жергілікті прокурорлар 1911 жылғы жүктілікті тоқтатуға әкеп соғатын әрекеттерге тыйым салатын заңды негізге алып, оны баланың өліміне айыптады. Мемлекеттік қорғаушының кеңесін тыңдаған әйел абайсызда кісі өлтіргенін мойындап, колонияға аттанды.

Үкім 2021 жылы адвокаттың сапасыз заңгерлік көмек көрсеткені анықталғаннан кейін жойылып, айыптар 2025 жылы толығымен алып тасталды. Кейінірек америкалық әйел жергілікті билікке қарсы талап арыз түсірді.

Татуласу келісімі аясында округ өтемақы төлеуге, сондай-ақ шериф көмекшілерінің бірі рұқсатсыз басқа штатқа алып кеткен нәресте денесінің күлін қайтаруға келісті.

Әйел 1,6 миллион долларды үш ұлының болашағын қамтамасыз ету үшін үй сатып алуға және бизнес дамытуға жұмсауды жоспарлап отыр.