in

Иран бес араб елінен өтемақы талап етті

Иран билігі бес араб мемлекетінен америкалық-израильдік операциядағы рөлі үшін өтемақы талап етті. Шағымдар БҰҰ-ға тапсырылды, деп хабарлайды astana24.com РИА Новости-ге сілтеме жасап.

Бұл туралы Ислам Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Әмір Саид Ираванидің БҰҰ Бас хатшысы мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасына жолдаған хатында айтылған.

Атап айтқанда Иран Бахрейн, Сауд Арабиясы, Қатар, БАӘ және Иорданияны жауапкершілікке тартуды талап етеді.

"Бахрейн Корольдігі, Сауд Арабиясы Корольдігі, Қатар мемлекеті, Біріккен Араб Әмірліктері және Иордания Хашимит Корольдігі <…> Иран Ислам Республикасына халықаралық құқыққа қайшы әрекеттерінің салдарынан келген барлық материалдық және моральдық залал үшін өтемақыны қоса алғанда, толық өтемақы төлеуге тиіс", – делінген құжатта.

Бұл мемлекеттер өз аумақтарын Иранға қарсы агрессия үшін пайдалануға жол беріп қана қоймай, кейбір жағдайда Ирандағы "азаматтық нысандарға бағытталған заңсыз қарулы шабуылдарға" тікелей қатысқаны түсіндіріледі.

"Бұл мемлекеттердің өз аумақтарын агрессорлардың Иран Ислам Республикасына қарсы пайдалануына рұқсат берудегі мінез-құлқы агрессия актісі ретінде бағаланады", – дейді дипломат.

Парсы шығанағы елдері мен Иордания Иранға қарсы америкалық-израильдік операцияға қатысқанын ресми түрде жоққа шығарады.