Владимир Путин бірқатар елдерге, соның ішінде Қазақстанға қолма-қол ақша алып шығу ережелерін қатаңдататын жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды astana24.com Ресей президентінің сайтына сілтеме жасап.
Ресей президентінің сайтында Владимир Путиннің "Ресей Федерациясынан қолма-қол шетел валютасын және құйма түріндегі аффинирленген алтынды шығарудың ерекше тәртібі туралы" жаңа жарлығының мәтіні жарияланды.
Жарлықта Путиннің жеке тұлғаларға Ресейден Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне, сондай-ақ Әзербайжан, Тәжікстан және Өзбекстанға 1 млн рубльден асатын қолма-қол ақшаны шығаруға тыйым салғаны айтылған.
Айта кетейік, ЕАЭО құрамына Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Армения кіреді. Сонымен қатар заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін шығарылатын қаражат көлеміне қарамастан тыйым салынады.
Үкімет айқындайтын тізім бойынша әуежайлар арқылы ақша тасымалдау кезінде ерекшеліктер қарастырылған. Ол үшін қолма-қол ақшаны шығарып жатқан адамның шотынан алынғанын растайтын банктік үзінді көшірмелер болуға тиіс.
