in

Сауд Арабиясы ұмра үшін жаңа көпмәртелік виза енгізді

Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра істері жөніндегі министрлігі кіші қажылыққа (ұмра) баратындар үшін жаңа көпмәртелік виза енгізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы саудиялық ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған astana24.com хабарлайды.

Жаңа виза берілген күннен бастап 365 күн бойы жарамды және қажыларға ұмра үшін қасиетті қалаларға бірнеше рет баруға мүмкіндік береді. Десе де елде болудың жалпы мерзімі 90 күннен аспауы тиіс.

"Бұл шара елге кіруді жеңілдетуге, қажыларға жағдай жасауды жақсартуға және көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған Saudi Vision 2030 бағдарламасы мен Қажыларға қызмет көрсету сапасын арттыру бағдарламасының мақсаттарына толық сай келеді", – делінген SPA хабарламасында.

Қажыларға әрбір сапар үшін Nusuk Umrah платформасы арқылы аккредиттелген жеткізушілерден қызметтер пакетін сатып алу қажеттілігі ескертілді. Бұл ретте пакеттің қолданылу мерзімі виза бойынша қалған күндер санынан аспауы керек.

Бұдан бөлек, әрбір сапар алдында Nusuk Umrah қосымшасы арқылы ұмра жасауға рұқсат алу қажет.

Сауд Арабиясынан шыққан сайын виза автоматты түрде жойылады, келесіде елге кіру үшін белгіленген барлық талап орындалғаннан кейін қайтадан іске қосылады.