in

Қытай шетелдіктерге виза беру кезінде қойылатын талаптарды қатаңдатты

Қытайда 15 қыркүйектен бастап жекелеген жағдайларда азаматтардың елден шығуына және шетелдіктердің елге кіруіне шектеу қоятын жаңа ережелер күшіне енді, деп хабарлайды astana24.com РИА Новостиге сілтеме жасап.

Басылым ақпаратына сәйкес, 15 қыркүйекте Қытай Мемлекеттік кеңесінің жаңа регламенті күшіне енді. Құжатта елдің егемендігін, қауіпсіздігін және даму мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қарастырылған.

"Ережелер елден шығатын және елге кіретін азаматтардың заңды құқықтарын, сондай-ақ мемлекеттің егемендігін, қауіпсіздігі мен даму мүдделерін қорғауға бағытталған", – делінген мақалада.

Құжатта атап өтілгендей, билік жекелеген елдерге бару кезіндегі тәуекелдер туралы ескерту жариялайтын болады. Шетелде құқық бұзушылық жасаған немесе экспорттық бақылау ережелерін бұзған Қытай азаматтарына алты айдан үш жылға дейінгі мерзімге елден шығуға тыйым салынуы мүмкін.

Виза алу кезінде немесе шекарада жалған мәлімет берген шетелдіктерге Қытайға кіруге бір жылдан бес жылға дейінгі мерзімге тыйым салынуы мүмкін. Айта кетейік, елден шығу және елге кіру кезінде делдалдар үшін міндетті тіркеу енгізіледі. Заңсыз қызметі үшін 750-ден 7 500 долларға дейін айыппұл қарастырылған.