in

1,4 мыңнан астам техника, тұрғын үй төлемдері: ТЖ министрі Тоқаевқа ведомство жұмысының нәтижесін баяндады

Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновті қабылдады. Министр президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ведомство жұмысының нәтижесі, азаматтық қорғаныс жүйесін жаңғырту барысы және алдағы кезеңге арналған жоспар жөнінде баяндама жасады, деп хабарлайды Ақорда.

Шыңғыс Әрінов президентке Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық-техникалық базасын нығайту шараларын таныстырды.

Оның сөзінше, соңғы екі жылда бөлімшелер 1,4 мыңнан астам техника, авиация, заманауи құтқару жабдықтары, ұшқышсыз ұшу аппараттары және байланыс құралдарымен толықтырылған. Бұл еліміздің барлық өңірінің төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету мүмкіндігін айтарлықтай арттырды.

Сонымен қатар министрлікке қарасты бөлімшелерді жаңғырту жұмыстары қолға алынды.

Сондай-ақ Шыңғыс Әрінов ведомство қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары туралы мәлімет берді.

Оның айтуынша, құтқарушыларға тұрғын үй төлемдері қарастырылған. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері үшін арнайы тұрғын үй кластерін құру жобасы қолға алынды. Аталған бастама өрт сөндіру бөлімдері мен құтқару базаларының жанында қажетті инфрақұрылымы бар тұрғын үй кешендерін салуды көздейді.

Президент министрліктің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша атқарып жатқан жұмысын оң бағалады.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, аудандық және ауылдық құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту іс-шараларын жалғастыру, заманауи технологиялар енгізу және өрт қауіпсіздігі деңгейін көтеру жөнінде тапсырма берді.