in

Қазақстанның ең қарт тұрғыны 116 жасқа келді: ол қай өңірде тұрады

Еңбек министрлігі Қазақстанда 100 жастан асқан қанша адам тұратынын жариялады. Ең қарт қазақстандық 116 жасқа келді, деп хабарлайды astana24.com ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстанда зейнетақы төлемдерін алушылар арасында 100 және одан жоғары жастағы 300 азамат есепте тұр. Жасы ең үлкені Ұлытау облысында тұрады, ол 116 жасқа толған туған күнін атап өтті.

Еліміздің ең ірі мегаполисі Алматы жүзден асқан қариялардың саны жағынан бірінші орында, мұнда 100 және одан жоғары жастағы 41 адам бар.

Ұзақ өмір сүрушілер саны бойынша екінші орында – Түркістан облысы. Онда 100 жастан асқан 32 адам тұрады.

Ұзақ өмір сүретіндер саны бойынша үшінші орында Алматы облысы тұр, онда 100 және одан жоғары жастағы 25 адам тұрады.

Ең қарт қазақстандықтардың үштігіне Ұлытау облысының тұрғыны – 116 жас, Павлодар облысы – 114 жас, Қостанай облысы – 111 жас кірді.

Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да 1 қазанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Бұл мерекені 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 45 сессияда жариялады.