Астанада кәсіпкер Қайрат Боранбаев бұрын мемлекет меншігіне берген Fitnation спорттық-сауықтыру кешені сауда-саттықта сатылды. Сатылым бағасы – 2,3 млрд теңге, деп хабарлайды astana24.com.
Сауда-саттық 3 қарашада сағат 10:00-де өтіп, қазіргі уақытта "өткізілді" деп танылды. Электрондық сауда алаңындағы мәліметтерге сәйкес, спорттық-сауықтыру кешені жалпы ауданы 4 043,4 шаршы метр болатын жапсарлас құрылыстары бар ғимаратты және 500-ден астам мүлік түрін қамтиды.
Кешен Астана әкімдігінің "Дәулет" МКҚК теңгерімінде болған, ал сатушы – "Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы".
Айта кетейік, лоттың бастапқы бағасы 2 млрд теңгеден сәл ғана асқан болатын. Ал биыл қазанда кешенді 2,9 млрд теңгеге сатуға тырысқанымен, ол кезде сатып алуға ниет білдіргендер табылмаған еді.
