in

30 жыл бұрын БҚО-да зорлықтан жапа шеккенін айтқан әйел АҚШ-тан қызын тапты

Шетелде тұратын, 30 жыл бұрын топтық зорлықтан жапа шеккенін мәлімдеген БҚО тумасы Наташа Калымбетованың оқиғасы жалғасын тапты. АҚШ-тан оның қызы табылды, олардың туыстығын ДНҚ-тест растады, деп хабарлайды "Мой город".

49 жастағы Наташа Калымбетова ДНҚ-тест тапсыру үшін АҚШ-қа аттанған. Әйелді әуежайдан "өз қызым" деген бойжеткен қарсы алған. Алайда БҚО тумасы оны видеоға түсіріп көрсетпеді, қыздың америкалық екенін және сот процестері аяқталғанға дейін оны жарияламайтынын мәлімдеді.

"Мен оны әуежайда көргенде-ақ менің қызым екенін бірден түсіндім. Өйткені мен оны өзім тудым, оның көзқарасын, әрбір жасушасын, қасын, тырнағын білемін. Ол әлі де сондай кішкентай, нәзік, жұмсақ.

Алғашқы екі күнде бізге сөйлесіп кету қиын болды, өйткені менталитетіміз мүлде бөлек. Үшінші күні ақтарылып, сөйлестік. Ол мен туралы барлық ақпаратты біледі", – деді Наташа Калымбетова.

Белгіленген күні зерттеу нәтижесі белгілі болды: тест 99,9 пайыз туыстықты көрсетті. Әйелдің айтуынша, енді ол қызын Таиландта ұлымен таныстыруды, ал кейін оны Қазақстанға да әкелуді жоспарлап отыр. Наташа Қалымбетова өзіне алаңдаған отандастарына шын жүректен алғыс айтты.

"Енді біз әрқашан бірге боламыз. Міне, бақыт", – деді әйел.

БҚО ПД баспасөз қызметі қылмыстық іс бойынша барлық қажетті сараптама тағайындалғанын хабарлады. Алайда тергеу барысы жария етілмеді.