Дәурен Мұратбеков ҚР Жоғары сот кеңесінің хатшысы – аппарат басшысы лауазымынан босатылды. Тиісті өкімге президент қол қойды, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған astana24.com.
"Мемлекет басшысының өкімімен Дәурен Болатұлы Мұратбеков Қазақстан Республикасы Жоғары сот кеңесінің хатшысы – аппарат басшысы лауазымынан босатылды", – делінген хабарламада.
ҚР Жоғары сот кеңесінің сайтындағы мәліметке сәйкес, Дәурен Мұратбеков 1984 жылы 13 маусымда дүниеге келді.
2006 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін "Халықаралық құқық", ал 2008 жылы А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін "Қаржы" мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2006 жылы ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаментінің/ҚР экономикалық даму және сауда министрлігінің (04.2010 жылдан бастап қайта ұйымдастырылғаннан кейін) іс қағаздарын жүргізу жөніндегі инспектор болып бастаған, бұдан әрі жетекші маман, бас маман, сарапшы, бас сарапшы болып жұмыс істеген.
2011 жылғы қаңтардан бастап ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Экономика салаларын дамыту департаменті Өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және экологияны дамыту басқармасының бастығы.
2011 жылғы сәуірден бастап "Ұлттық инновациялық қор" АҚ Инновацияларды қолдаудың сервистік құралдарын әкімшілендіру орталығы директорының орынбасары/"Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік" АҚ инноваторлармен және өңірлермен жұмыс орталығы директорының орынбасары (07.2012 жылдан бастап қайта ұйымдастырылғаннан кейін).
2013 жылғы тамыздан бастап "Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік" АҚ басқарушы директор – Жобаларды талдау және мониторингтеу орталығының директоры.
2014 жылғы қазаннан бастап ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментінің директоры (2016 жылғы ақпаннан 2018 жылғы маусымға дейін өзінің негізгі қызметімен қатар ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі болды).
2018 жылғы қазаннан бастап Президент әкімшілігі Мемлекеттік-құқықтық бөлімінің сектор меңгерушісі.
2023 жылғы қарашадан бастап Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.
2024 жылғы 9 ақпанда президент өкімімен ҚР Жоғары сот кеңесінің хатшысы – аппарат басшысы болып тағайындалды.
