Премьер-министр Олжас Бектенов "Самұрық-Қазына" АҚ басшылығына қатысты соңғы оқиғаларға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды astana24.com.
"Самұрық-Қазына" АҚ сайтында жарияланған Олжас Бектеновтің мәлімдемесінде қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу әрекеттерін жүргізіп жатқаны айтылған. Барлық мән-жай анықталып жатыр.
Премьер-министр жағдай мемлекет басшысының бақылауында екенін айтты.
"Құзыретті органдар заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып, объективті әрі жан-жақты тергеу жүргізуге тиіс. Қазіргі кезеңде сөз нақты бір жағдай туралы болып отыр. Бұл жағдай қордың бүкіл компаниялар тобының қызметіне күмән келтіруге негіз бола алмайды.
Жақын арада "Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Бұл ретте басқару ісіндегі сабақтастық пен қор қызметінің үздіксіздігі толық қамтамасыз етіледі", – деді Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша, қор тобына кіретін барлық компания штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Қордың даму стратегиясы өзгеріссіз қалады. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бекітілген жоспарларға сәйкес жалғасады.
"Инвесторлар, кредиторлар, банктер және халықаралық қаржы институттары алдындағы барлық қаржылық, шарттық және борыштық міндеттемелер уақтылы әрі толық көлемде орындалады.
Сонымен қатар орын алған жағдай корпоративтік басқаруды одан әрі нығайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша жүйелі шаралар қабылдауды талап етеді.
Қордың директорлар кеңесінің төрағасы ретінде қор мен оның еншілес ұйымдарының директорлар кеңестерінің, сондай-ақ олардың жанындағы бейінді комитеттердің, ең алдымен аудит және тәуекелдерді басқару комитеттерінің рөлін күшейтуді қажет деп санаймын", – деді премьер-министр.
Олжас Бектенов ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктері қайта қаралып, күшейтілетінін жеткізді. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға, мүдделер қақтығысын анықтауға, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға және басшылардың дербес жауапкершілігін күшейтуге ерекше назар аударылады.
"Біздің міндетіміз тек нақты құқық бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмейді. Ең бастысы, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру. Қазақстан Республикасының үкіметі қордың стратегиялық бағытының өзгермейтінін, тұрақтылық, ашықтық және жауапты әріптестік қағидаттарына бейілділігін растайды.
Қазақстан халықаралық инвестициялық және қаржы қоғамдастығы үшін сенімді әріптес болып қала береді. Біз инвесторларымыз бен кредиторларымыздың сенімін жоғары бағалаймыз және ұзақ мерзімді, өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз", – деп түйіндеді Олжас Бектенов.
"Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшыларының ұсталуы
12 қарашада ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Самұрық-Қазына" басшысы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын хабарлады. Көп ұзамай желіде оларды ұстау сәтінде түсірілген болуы мүмкін деген кадрлар тарады.
Кейін қордың баспасөз қызметі Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты пікір білдірді.
Сондай-ақ баспасөз қызметі АҚ мен қор тобына кіретін басқа да барлық компания штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Бүгін сот "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті қамауға алу туралы санкция бергені белгілі болды.
