in

Қазақстанда шенеунікті рұқсатынсыз қай кезде суретке түсіруге болады: министр жауабы

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтайда өткен брифингте шенеунікті рұқсатынсыз қашан суретке түсіруге болатыны туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды astana24.com.

Журналистер егер шенеунікті бір бутикте көңілдесімен бірге жарты млрд теңгеге Cartier сатып алып жатқан жерінен байқап қалса, не істеу керек екенін сұрады.

"Біз бұл жағдайда оны суретке түсіріп, жариялай аламыз ба, әлде жоқ па?" – деді БАҚ өкілдері.

Арман Қырықбаев бұған жауап ретінде лауазымды тұлға демалыста, жұмыстан тыс уақытта немесе балаларымен жүрген кезде оны суретке түсіру дұрыс емес екенін айтты.

"Егер оның бұл жағдайдағы әрекеттері заңды болса, егер сіздер әдетте папарацци айналысатын іспен айналыссаңыздар, онда, сірә, бұл дұрыс болмас. Бірақ егер сіздер шенеунікті, жалпы кім болса да, қандай да бір құқықбұзушылық жасап жатқан сәтінде немесе мемлекеттік қызметші әдебін бұзған кезде түсіріп алсаңыздар, менің ойымша, бұған рұқсат алудың қажеті жоқ. Яғни бұл теріс әрекет болып саналмайды", – деп түсіндірді министр.