Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ясмина Тоқсанбаеваның жағдайына қатысты пікір білдірді. Спортшы аяқ киіміне бола Азия ойындарында алтын медаль ала алмай қалған еді, деп хабарлайды astana24.com.
Журналистер дау отандық спортшының пайдасына шешілуі мүмкін деген ақпарат бар екенін айтты. Олар бүгінгі жағдай туралы және ол үшін кім жауапқа тартылатынын сұрады.
"Бұл жағдай бойынша Федерация белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Арбитраж сотына өтініш бердік. Сот шешім қабылдаған кезде, кінәлілер жазасын алады", – деді Ербол Мырзабосынов.
Жалпы, оның айтуынша, мұндай жағдайлар болашақта қайталанбауы үшін жұмыс жүргізіліп жатыр.
"Спортшы қолдауға және барлық тиісті сыйақыға ие болды. Ол үшін жарыс мұнымен аяқталған жоқ. Алда Олимпиада ойындары тұр", – деді министр.
Еске сала кетейік, қазақстандық Ясмина Тоқсанбаева 27 қыркүйекте ХХ жазғы Азия ойындарында спорттық жүрістен марафондық қашықтықта өнер көрсетті. Ол мәреге бірінші болып жеткенімен, кейін аяқ киіміне байланысты нәтижесіне шағым түсті. Тексерістен кейін қазақстандық спортшының нәтижесі жойылды.
Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясының Instagram-дағы парақшасында болған жағдайға байланысты федерация атынан наразылық білдіріліп, тиісті шағым жіберілгені хабарланды.
Кейін Жеңіл атлетика федерациясы Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы алтын медалінен айырылуына қатысты ресми мәлімдеме жасады.
