Моңғолияның Ұлы мемлекеттік хуралы (парламенті) ел президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхті қызметінен босатты, деп хабарлайды РБК агенттігіне сілтеме жасаған astana24.com.
Ұлы мемлекеттік хуралдың баспасөз қызметінің мәліметінше, депутаттар Ухнаагийн Хүрэлсүхті өз өтініші негізінде президент қызметінен босатқан.
Бұл шешімді отырысқа қатысқан халық қалаулыларының 92,3 пайызы қолдаған.
Моңғолия президентінің өкілеттігі парламент төрағасы Сандагийн Бямбацогтқа берілді. Ол жаңа президент сайланып, ант бергенге дейін мемлекет басшысының міндетін атқарады.
Дауыс беру алдында Хүрэлсүх сөз сөйлеп, атқарған жұмысын қысқаша қорытындылады және елді бірлікке шақырды. Заң қабылданғаннан кейін ол мемлекеттік елтаңба мен туға құрмет көрсетіп, залдан шығып кетті.
Парламентте бұл Моңғолия тарихындағы президенттің өз еркімен мерзімінен бұрын қызметтен кеткен алғашқы жағдай екені атап өтілді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх отставкаға кететінін мәлімдеген еді. Ол елді бес жылдан астам уақыт басқарды.
РБК басылымының жазуынша, отставка сыбайлас жемқорлық бойынша айыптаулар аясында болды.
Mongolia Daily ақпаратына сәйкес, айыптаулар Таван-Толгой – Гашуунсухайт теміржолының құрылысына қатысты құпия тендермен байланысты.
Моңғолияның парламенттік оппозициясы 16 қарашада тергеу жүргізу үшін президент пен айыптауларда аты аталған өзге де шенеуніктердің отставкаға кетуін талап етті. Осы мақсатта Демократиялық партия депутаттары уақытша парламенттік комиссия құруды ұсынған.
Ұланбатырдың бұрынғы мэрі Хишгээгийн Нямбаатар трансляция барысында пара алғандардың арасында президент Хүрэлсүх те болғанын мәлімдеген.
