Ташкентте өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Санжар Ерұланұлы алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Қазақстан дзюдо федерациясына сілтеме жасаған astana24.com.
Қазақстандық дзюдошы 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
Санжар Ерұланұлы жарыс жолын Германия спортшысы Даниил Спиридоновқа қарсы белдесумен бастап, қарсыласынан басым түсті. Одан кейін Италия өкілі Франческо Маццонды жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Ширек финалда Әзербайжан спортшысы Давуд Намазлиді ұтқан ол жартылай финалда Испания өкілі Никита Юдановтан айласын асырды.
Ал алтын медаль үшін өткен шешуші белдесуде жапониялық Шокей Хираноны жеңіп, жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Айта кетейік, Санжар Ерұланұлы 2024 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған болатын.
