Астанада туыстарымен болған жанжалдан кейін үйінен кетіп қалған 11 жасар баланы полицейлер қызметтік иттің көмегімен тапты, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған astana24.com.
ІІМ ведомстволық сайтының жазуынша, баланың жоғалғаны туралы хабарлама "102" арнасына оның заңды өкілінен түскен.
Ақпарат келіп түскен бойда оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, іздестіру жұмыстарын бастаған.
"Іздеу шараларына Астана қаласы полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының мамандары да қосылды. Оларға полиция қызметкері Аслан Елтай жетекшілік етті. Іздестіруге иіс ізі арқылы адам табуға арнайы үйретілген Феликс атты қызметтік ит қатысты.
Кинолог пен оның төрт аяқты көмекшісінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде бала тұрғын үйдің жертөлесінен табылды", – делінген хабарламада.
Жеті жастағы Феликс – неміс овчаркасы. Оның толық қызметтік аты – "Созвездие столицы Феликс".
"Ол иіс ізі арқылы адамдарды іздеуге маманданған. Иттің жоғары сезімтал иіс сезу қабілеті із-түзсіз кеткен адамдарды анықтап, олардың жүрген бағытын бақылауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері Феликстің қатысуымен 18 іздестіру дерегі пысықталды.
Қызметтік иттің қабілеті хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздеуде ғана емес, түрлі құқық бұзушылықтарды ашу кезінде де тиімді қолданылып келеді", – деді полиция өкілдері.
