in

ҰБТ-дан "Физика-Химия" комбинациясын таңдаған түлектер тығырыққа тірелді: тестілеу орталығы не дейді

Ұлттық бірыңғай тестілеу форматындағы өзгерістер болашақ талапкерлер мен ата-аналардың наразылығын тудырды. Әсіресе "Химиялық инженерия" мамандығына түсуді көздеген түлектер алаңдаулы: бір жыл бойы "Физика – Химия" пәндері бойынша дайындалған оқушылар ҰБТ-ға санаулы ай қалғанда бұл комбинацияның алынып тасталатынын білген, деп хабарлайды "Жетінші арна".

11-сынып оқушысы Мансұр Бисенғали болашақта атом энергетикасы саласында еңбек етуді армандайды. Жетінші сыныптан бері физика мен химияны тереңдетіп оқып, қалалық, облыстық және республикалық олимпиадаларда жүлделі орындар алып жүрген ол университетте "Химиялық инженерия" мамандығын таңдауды шешкен.

Тіпті жазда 800 мың теңге төлеп, ақылы курсқа жазылып, дайындықты бастап кеткен. Алайда енді таңдаған пәндер жұбы тестілеуде болмайтыны белгілі болды.

"Менің алдымда екі таңдау тұр: физмат комбинациясын таңдау немесе биохим комбинациясын таңдау. Менің ойымша, математика да, биология да комбинациясын алғаны маған өте қиын болады. Себебі қаңтарда болатын ҰБТ-ға аз уақыт қалды.

Менің өтінішім – осы 2027 жылға физика-химия комбинациясын қалдыру, себебі менен басқа мыңдаған адам физика-химия комбинациясын таңдаған. Олар да химиялық инженерияға өз үлесін қосқысы келеді", – дейді мектеп бітіруші Мансұр Бисенғали.

Бұл түйткіл әлеуметтік желілерде де қызу талқыға түсті. Мәселен, Threads желісінде жазба қалдырған талапкерлердің бірі оқушылардың ресми ақпаратқа сүйеніп, жыл бойы дайындалғанын, ал мұндай маңызды өзгеріс туралы алдын ала емес, кездейсоқ естіп отырғанын алға тартты.

Ал Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері бұл шешімнің аяқ астынан қабылданбағанын мәлімдеді. Олардың түсіндіруінше, мұндай бастаманы жеті жылдан бері Республикалық оқу-әдістемелік кеңес пен жұмыс беруші кәсіпорындар көтеріп келеді. Себебі аталған комбинациямен тест тапсыратын түлектер саны тым аз, соның салдарынан "Химиялық инженерия" мамандығына бөлінген мемлекеттік гранттар игерілмей қалатын болған.

Осыған байланысты "Химия – Физика" жұбының орнына "Химия – Биология" комбинациясын енгізу жоспарланып отыр.

"2026 жылдан бастап химия мен физика ғана емес, физикамен қатар биологияны тапсыру мүмкіндігі болған. Сондықтан, айтарымыз, енді химия әуелден таңдалды екен, дайындықты жалғастырсын.

Ал физикаға қатысты тап осы мамандықты таңдағысы келіп отырса, онда биологияға қарай көбірек ден қоюға тура келеді. Сонымен қатар алдындағы комбинациямен салыстырғанда бір ғана мамандыққа емес, 18 мамандыққа түсе алу мүмкіндігі кеңейетіні туралы білген дұрыс деп ойлаймыз", – дейді Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Елдос Нұрлан.

Орталық өкілінің сөзінше, қазіргі таңда сынақ тестілерінен физика-химия комбинациясы алынып тасталған. Ал жаңа пәндер жұбын енгізу әзірге келісу кезеңінен өтіп жатыр және жақын арада нормативтік-құқықтық актілермен бекітіледі деп күтілуде.

Дегенмен бір жыл бойы "Физика-Химия" пәндеріне күш салған талапкерлердің алаңдаушылығы әлі басылған жоқ — олар биылғы түлектерге бұрынғы талаппен тапсыруға соңғы мүмкіндік беруді сұрап отыр.