in

Астаналық полицейлер үш күндік рейдке шықты: оған не себеп

Астана полициясы үш күн бойы күшейтілген режимде қызмет атқарады. Көшелер мен қоғамдық орындарда патрульдеу күшейтіледі, деп хабарлайды елордалық ПД-ға сілтеме жасаған astana24.com.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, елордада қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ көшелер мен қоғамдық орындарда заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталған.

Іс-шара 2026 жылдың 20-22 қараша аралығында өтеді.

"Үш күнге жоспарланған профилактикалық шара барысында елордалық полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесуге басымдық береді.

Атап айтқанда, қоғамдық орындар мен көшелерде патрульдеу жұмыстары күшейтіліп, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін заңсыз әрекеттерге ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар қылмыстарды ашу, іздеуде жүрген адамдарды анықтау, қоғамдық орындарда құқық бұзушылық жасайтын тұлғаларды анықтау және жолын кесу бойынша кешенді шаралар жүргізіледі", – делінген хабарламада.

Полиция азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға, қоғамдық тәртіпті бұзбауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға ортақ үлес қосуға шақырады.

"Қандай да бір құқық бұзушылық немесе күмәнді жағдай байқалған жағдайда, бұл туралы дереу полицияға хабарлау қажет", – деп қосты құқық қорғау органдарының өкілдері.