Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен қақтығыстарды тоқтату туралы келіссөзге Еуропа елдері қатысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды astana24.com DW-ға сілтеме жасап.
Украина басшысы бұл мәлімдемені "ниет білдірушілер коалициясының" отырысынан кейін жасады. Зеленскийдің айтуынша, Еуропадан бес ел қатысады.
Ол сондай-ақ Еуропа, Украина және АҚШ-тың келіссөз процесіндегі ынтымақтастығы нығая түсетінін хабарлады. Кездесудің басты тақырыптарының қатарында қауіпсіздік кепілдігі де болды.
Зеленскийдің айтуынша, АҚШ Еуропаның толық қатысу мүмкіндігімен алғашқы көпжақты кездесуді мүмкіндігінше тезірек ұйымдастыруға көмектеседі деп үміттенеді.
"Шұғыл әрекет ету қажет. Диалог қаншалықты белсенді жүрсе, нақты прогреске қол жеткізу мүмкіндігі соншалықты жоғары болады" , – деді Зеленский.
Сонымен қатар Украина президенті Ресейдің шақыруымен Еуропа көшбасшыларының Мәскеуге баруын орынсыз деп санайтынын атап өтті. Оның пікірінше, тараптардың дайындығын көрсету үшін бейтарап алаңда кездескен жөн.
Айта кетейік, Финляндия президенті Александр Стубб ҚХР-дағы саммиттен кейін Дональд Трамп Еуропа көшбасшыларын Мәскеумен тікелей сөйлесуге шақырғанын мәлімдеген еді.
Ал Германия канцлері Фридрих Мерц Ресейді бейбітшілікке шақырды. Егер Мәскеу ымыраға келуге дайын болса, санкцияларды кезең-кезеңімен алып тастау мүмкіндігін жоққа шығармады.
