in

Қалыңмалды мәһір ретінде санауға бола ма: ҚМДБ өкілдері даулы сұраққа жауап берді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері қалыңмал мен мәһірдің айырмашылығы туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды astana24.com.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтында қалыңмал мен мәһір ұғымдарының шығу тегі мен құқықтық мәні нақтыланды.

Діни басқарма өкілдері атап өткендей, ислам шариғатында әйелдің некеге байланысты алатын ақысы мәһір деп аталады.

"Қалыңмал мен мәһір атауы, қалыптасу тарихы  және құқықтық сипаты жағынан екі бөлек ұғым болғанымен, қазақ қоғамындағы дәстүр мен ислам құқықтық қағидалары тоғысқан тұстарда олардың арақатынасы туралы сұрақ туындайды. Сондықтан  бұл мәселеде қазақ дәстүріндегі қалыңмалдың  мәнін де, шариғаттағы мәһірдің үкімін де дұрыс түсіну маңызды", – дейді ғалымдар.

ҚМДБ мәліметінше, қазақ дәстүрінде қалыңмал – жігіт жағының қыз жағына үйлену қарсаңында беретін мал-мүлік.  Оның мөлшері әр дәуірде, әр өңірде және отбасының әлеуметтік жағдайына қарай әртүрлі болған. Бір жерде бірнеше малмен шектелсе, ауқатты отбасылар арасында оның көлемі әлдеқайда жоғары  болған. Ақшалай берілетін қалыңмал кей жерлерде "домалақ қалыңмал" деп аталған.

Қазақтың дәстүрлі түсінігінде қалыңмал мен жасау бір-бірімен тығыз байланысты болған. Қалыңмал алған қыз жағы оның негізінде қыздың жасауын әзірлеген. Жасау құрамына төсек-орын, кілем, текемет, сырмақ, ыдыс-аяқ, киім-кешек, әшекей бұйымдар және жаңа шаңыраққа қажетті басқа да дүниелер кірген. Осы тұрғыдан алғанда қалыңмалдың дәстүрдегі негізгі мақсаттарының бірі – қызды жаңа отбасына қажетті дүние-мүлікпен қамтамасыз етуге жағдай жасау болған.

Алайда тарихта қалыңмалды қыздың жасауына жұмсамай, ата-анасының өз қажетіне пайдаланған жағдайлар да кездескен. Мұндай тәжірибені қалыңмалдың бастапқы әрі негізгі мақсаты деп қабылдауға болмайды.

"Ислам шариғатында әйелдің некеге байланысты алатын ақысы мәһір деп аталатынын айтып өттік. Мәһір – әйелдің жеке меншігі. Оған әйелдің ата-анасы да, күйеуі де оның рұқсатынсыз иелік ете алмайды. Мәһір ақшалай да, мүлік түрінде де берілуі мүмкін. Шариғатта мәһірдің жоғары шегі белгіленбеген. Ал Ханафи ғұламалары мәһірдің төменгі мөлшеріне он дирхам күмісті белгілеген. Оның нақты мөлшері мен түрін некелесуші жұбайлар өзара келіседі.

Фиқһта мәһірдің берілу уақытына қарай екі түрі бар: Тездетіп берілетін мәһір – неке қию кезінде немесе оған дейін берілетін мәһір. Кешіктіріліп берілетін мәһір – кейін беруге келісілген мәһір. Мәһірді неке қию рәсіміне дейін де беруге болады. Мысалы құда түскен кезде мәһірдің бір бөлігін немесе барлығын алдын ала беру мәселесі фиқһ кітаптарында қарастырылған", – деп түсіндіреді оларды мәһірдің мәнін.

Осы тұрғыдан алғанда қалың малдың құда түсу рәсімі кезінде алдын ала берілуі мәһірдің алдын ала берілуіне ұқсайды. Дәл осы тұста қазақ дәстүріндегі қалыңмал мәһірдің орнына жүре ала ма деген негізгі сұрақ туындайды.

Діни басқармадағылар бұл сұраққа біржақты "иә" немесе "жоқ" деп жауап бермей, қалыңмалдың қандай ниетпен және қандай келісіммен берілгеніне назар аудару қажет екенін баса айтады.

"Имам Кәсани (Алла оған разы болсын) "Бәдәиғ  әс-Санаиғ" еңбегінде сол кездегі қоғамда қыздың мәһірін әкесі алған жағдайды сөз етеді. Оның түсіндіруінше, балиғатқа жеткен қыз өзінің мәһірін сұрауға ұялуы мүмкін. Егер әкесі оның мәһірін алып, кейін қыздың артынан жасау әзірлесе, қыздың оған үнсіз келісуі оның разылығын білдіретін жағдай ретінде қарастырылған. Имам Кәсани: "Әдетте әкесі қызының мәһірін алған соң, оның үстіне сол секілдісін қосып, қыздың артынан жиһаз алып барады", – деп жазады.

Бұл жерде назар аударатын нәрсе – мәһірдің қыздың әкесіне берілуі оны автоматты түрде әкесінің жеке меншігіне айналдырмайды. Ол қыздың ақысы болып қала береді. Әкесі оны қызының пайдасына жұмсайды және қыздың артынан жасау әзірлейді.

"Қазақ қоғамында "қалың мал" деп берілетін дүние екі жақтың келісімімен мәһір ретінде белгіленсе, оны тездетіп берілген мәһір ретінде есептелуге болады. Мысалы құда түсу кезінде: "Жігіт жағы қызға мәһір ретінде 1 млн теңге қалың мал береді" деп келісілсе, берілген  1 милн теңге – қыздың мәһірі.

Бұл жағдайда қыздың ата-анасы ол ақшаны өз қалауы бойынша пайдалана алмайды. Қыздың разылығы қажет. Егер қыз жасауға жұмсауға келіссе, ата-анасы оны қызының жасауына пайдалана алады. Ал қыз келіспесе, мәһір толықтай оның өзіне берілуі тиіс.

Фиқһ қағидалары бойынша әйелдің мәһір ретінде алған дүниесі оның жеке меншігі болып саналады. Күйеуі де әйелінің рұқсатынсыз оның мәһірін пайдалана немесе сата алмайды", – дейді ғалымдар.

Сондай-ақ ерлі-зайыпты ажырасып кеткен жағдайда, әйелдің жеке меншігіндегі мәһір және оған тиесілі басқа да дүниелер оның өзінде қалады.

"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің шешіміне сәйкес, күйеуі беретін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһірге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады. Ал қыз бұған келіспесе, мәһір толықтай қыздың өзіне берілуге тиіс. Сондай-ақ қалың мал беру дәстүрі жоқ аймақтарда неке қию кезінде мәһір мәселесі міндетті түрде ескерілуі керек", – дейді ҚМБД өкілдері.