in

Қазақстанда екі мекеме біріктіріледі: Тоқаев жарлыққа қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы президентінің Архивін қайта ұйымдастыру туралы жарлыққа қол қойды. Оған Президенттік орталық қосылады, деп хабарлайды astana24.com.

Президент "Қазақстан Республикасы президентінің Архиві" республикалық мемлекеттік мекемесін оған "Қазақстан Республикасының Президенттік орталығын" қосу арқылы қайта ұйымдастыру туралы қаулы етті.

Осылайша, Президенттік орталық енді ҚР президенті Іс басқармасының қарамағында болмайды.

Құжатта Архивтің штат саны 293 адам болатыны да айтылған.

Қайта ұйымдастыруға байланысты мекеме туралы ереженің жаңа редакциясы да бекітілді. Оған сәйкес, Архивтің мақсаттары – тарихи-мәдени мұраны сақтау және толықтыру, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін архив құжаттарымен және ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың архивтен ақпарат алу құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету.

Сонымен қатар мекеме кітапханалық қызмет көрсетіп, музей заттарымен таныстырады, сондай-ақ Қазақстан тарихын, оның мемлекеттілігінің, мемлекеттік басқару жүйесі мен президенттік институттың дамуын ғылыми тұрғыдан зерделеумен және осы бағыттағы білімді таратумен айналысады.

Жарлық 5 қарашада күшіне енді.