in

"Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек": Бектенов ҚТЖ-ның жаңа басшысын таныстырды

Премьер-министр Олжас Бектенов "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ ұжымына жаңа басқарма төрағасы Ерсайын Нағаспаевты таныстырды, деп хабарлайды үкіметке сілтеме жасаған astana24.com.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, премьер-министр Ерсайын Нағаспаевтың мол тәжірибесін, соның ішінде саланы жетік білуі мен ұзақ жылғы еңбек жолын атап өткен.

Ол Нағаспаевтың әр жылдары "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-да қызмет атқарғанын еске салды. 2025 жылғы ақпаннан бастап Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарды.

Олжас Бектенов "Қазақстан темір жолы" компаниясының жаңа басшылығы алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындады. Басым бағыттар қатарында көлік-логистикалық әлеуетті одан әрі кеңейту, транзиттік тасымал көлемін арттыру, теміржол инфрақұрылымын дамыту және компания қызметінің тиімділігін жақсарту тұр.

Сонымен қатар корпоративтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейту, сондай-ақ басшылардың қабылдайтын шешімдері үшін дербес жауапкершілігін арттыру қажеттігіне ерекше назар аударылды.

"Мемлекет басшысы "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты жолдауында Қазақстанды Еуразияның жетекші көлік-логистикалық хабына айналдыру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілуде және оның нәтижелері үшін ерекше жауапкершілік еліміздің негізгі көлік-логистикалық активі ретінде "Қазақстан темір жолына" жүктеледі.

Бұл – мыңдаған ұжымы және күрделі басқару жүйесі бар ірі компания. Кадр жұмысын ретке келтіріп, әр қызметкер үшін нақты міндеттерді анықтау қажет. Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек. Қызметкерлердің басым бөлігі адал және жауапты адамдар екеніне сенімдімін.

Үкіметтің, салалық министрліктің және "Самұрық-Қазына" қорының қолдауымен алға қойылған барлық міндетті жүзеге асыруға әлеуеттеріңіз жеткілікті. Босаңсуға уақыт жоқ, қарқынды жұмысқа дереу кірісу қажет", – деді Олжас Бектенов. 

Бұдан бөлек, Бектенов жылжымалы құрамның отандық өндірісін одан әрі дамыту міндеті тұрғанын айтты. Үкімет басшысының мәлімдеуінше, Қазақстанда локомотивтер мен вагондар шығаратын өндірістік кластерлер қалыптасқанын ескеріп, отандық тауар өндірушілерге жүйелі түрде қолдау көрсету қажет.

Премьер-министр жүк тасымалдаудың толыққанды мультимодальды жүйесін қалыптастырудың, теңіз көлік инфрақұрылымын дамытудың және инвестормен бірлесіп "Alatau Air Cargo" АҚ жүк авиакомпаниясының қызметін тиімді ұйымдастырудың маңыздылығын да атап өтті.

Сондай-ақ "ҚТЖ" ҰК" АҚ жаңа басшылығына цифрлық шешімдерді енгізу бойынша жұмысты жандандырып, компания қызметінің тиімділігін арттыру үшін олардың әлеуетін барынша пайдалану тапсырылды.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін мемлекет басшысының жарлығымен Ерсайын Нағаспаев өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымынан босатылды. Кейінірек Нағаспаевтың "Қазақстан темір жолы" басшысы болып тағайындалғаны белгілі болды.