Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарған Ерсайын Нағаспаев ҚТЖ-ның жаңа басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы "Самұрық-Қазына" АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған astana24.com хабарлайды.
"Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының шешімімен Нағаспаев Ерсайын Қайырғазыұлы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды", – делінген хабарламада.
Ерсайын Нағаспаев Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін "Халықаралық экономикалық қатынастар" мамандығы бойынша тәмамдаған.
2025 жылғы ақпаннан бастап Қазақстан Республикасының өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымын атқарды.
2021-2025 жылдары "ҚТЖ" ҰК" АҚ басқарушы директоры болды.
Әр жылдары Инвестициялар комитетінде, Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінде жұмыс істеген. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінде, "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" РМК-да басшылық қызметтерде болған.
Сондай-ақ Қарағанды облысы Шахтинск қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, "Астана" ӘКК" АҚ басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін мемлекет басшысының жарлығымен Ерсайын Нағаспаев өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымынан босатылды.
"Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшыларының ұсталуы
12 қарашада ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Самұрық-Қазына" басшысы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын хабарлады. Көп ұзамай желіде оларды ұстау сәтінде түсірілген болуы мүмкін деген кадрлар тарады.
Кейін қордың баспасөз қызметі Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты пікір білдірді.
Сондай-ақ баспасөз қызметі АҚ мен қор тобына кіретін басқа да барлық компания штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
14 қарашада сот Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевті қамауға алу туралы санкция бергені белгілі болды.
