in

Жаңа жыл қарсаңында ақшасыз қалмау үшін нені ескеру керек: полиция қазақстандықтарға үндеу жасады

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында құқық қорғау органдары қазақстандықтарға интернет-алаяқтардың белсенді бола түсетінін ескертті, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған astana24.com.

ІІМ медиапорталының жазуынша, Жаңа жыл – жақын жандарды қуантып, сыйлық сыйлайтын ерекше мереке. Алайда мереке қарсаңында интернет-алаяқтардың да "жұмысы қызып", олар азаматтардың сенгіштігін пайдаланып қалуға тырысады.

Бірі арзан бағадағы смартфондар ұсынса, енді бірі жаңажылдық сыйлықтар мен тұрмыстық техниканы тиімді бағамен сататынын айтып, жарнамалайды. Ал кейбірі "мерекелік ұтысқа ие болдыңыз" деуі мүмкін. Бірақ мұндай хабарландыруларға сақтықпен қараған жөн.

"Сақ болыңыз! Арзанның артында алаяқтың айласы жатуы мүмкін. Сыйлық аламын деп, ақшаңыздан айырылып қалмаңыз. Белгісіз интернет-дүкендерге бірден сеніп, алдын ала төлем жасамаңыз.

Жеңілдікке қызығып, деректеріңізді жария етпеңіз. Банк картаңыздың нөмірін, CVV-кодын, SMS арқылы келген құпия кодтарды ешкімге айтпаңыз. "Сіз сыйлық ұтып алдыңыз!" дегенге асықпаңыз. Жүлде алу үшін ақша аударуды талап етсе, бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.

"Қауіпсіз шотқа аударыңыз" дегенге сенбеңіз! Банк қызметкерлері телефон арқылы мұндай әрекетті талап етпейді. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз! Жалған жеткізу қызметтері мен интернет-дүкендердің сілтемелері арқылы жеке деректеріңіз ұрлануы мүмкін. Тек тексерілген дүкендерге сеніңіз", – деп ескертті полиция.

ІІМ алаяқтықтың құрбаны болған жағдайда дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттап, полицияға жүгіну керектігін еске салды. Шұғыл жағдайда "102" нөміріне қоңырау шалу қажет.