24 қарашада Чили астанасында Димаш Құдайбергеннің алғашқы жеке концерті өтті. DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы бұл кеште Сантьягоның ең ірі концерт алаңдарының бірі — Santander Arena көрерменге лық толды, деп хабарлайды dimashnews.com.
Мексика мен Колумбиядағы концерттерден кейін әлемдік турдың Латын Америкасындағы сапары Чилиде жалғасты. Мұнда әншіні мыңдаған көрермен зор ықыласпен қарсы алды.
Кеш бойы мыңдаған көрермен Димаштың өнерін қошеметпен қарсы алып, ұрандатып, әндерін бірге шырқады. Ән айтып, би билеген жұрт әншінің әр сөзіне ықыласпен зер салған.
Сантьягодағы концерт әлемдік турдың Латын Америкасындағы елеулі оқиғаларының біріне айналып, қазақстандық әншінің халықаралық аудиториясының ауқымын тағы бір көрсетті.
Концерт бағдарламасының шамамен үштен екісі Димаштың өзі жазған әндерінен тұрады. Сонымен қатар әртіс белгілі композиторлардың туындыларын орындап, қазақтың халық әндерін заманауи музыкалық өңдеуде ұсынды.
DIMENSIONS әлемдік турының бағдарламасына алғаш енген жаңа туындылардың бірі — "Release My Soul" әні. Оны Димаштың інісі, жас композитор Әбілмансұр Құдайберген жазған болатын.
Santander Arena-ға жиналған мыңдаған көрермен әртіспен бірге ән айтып, би биледі.
Кештің көркін Димаштың шығармашылығы мен қоғамдық бастамаларын белсенді түрде қолдап жүрген чилилік Dears жанкүйерлері ұйымдастырған флешмоб кіргізді.
Әртістің авторлық репертуарындағы ең елеулі туындылардың бірі — "The Story of One Sky" орындалған сәтте стадиондағы мыңдаған көрермен бейбітшіліктің, ізгілік пен бірліктің нышаны ретінде ақ жалаушалар көтеріп, туындының негізгі идеясын қолдады.
Чили жұртшылығының қонақжайлылығы мен жалынды ықыласы әншінің өзіне де ерекше әсер етті.
"Қымбатты достар! Сіздердің алдарыңызда өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе. Қатты толқып тұрмын. Бізді бір үлкен отбасының мүшесіндей қабылдадыңыздар. Сіздерге мың алғыс!" — деді Димаш көрермендерге.
Концерттің финалы айрықша есте қалды. Қорытынды әннің орындалуы әртіс пен көрермен арасындағы ұзақ музыкалық сұхбатқа ұласты. Димашты сахнадан жібергісі келмеген жұрт ән айтып, қол соғып, оның есімін хормен қайталаған.
