in

Нұрқанат Әжіқанов каратэден Азия ойындарының қола жүлдегері атанды

Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында каратэші Нұрқанат Әжіқанов Қазақстан құрамасына тағы бір қола медальді сыйлады, деп хабарлайды astana24.com.

25 жастағы спортшы 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ширек финалда ол өзінің басты қарсыласы ирандық Мортеза Нематиден 0:8 есебімен жеңіліп қалды.

Ирандық спортшы финалға дейін жеткендіктен, Әжіқанов қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Жүлделі орын үшін өткен жекпе-жекте қазақ каратэшісі филиппиндік Альвин Батичанды 10:1 есебімен жеңді.

Бұл Нұрқанат Әжіқановтың Азия ойындарындағы екінші жүлдесі – спортшы 2022 жылғы Ханчжоудағы Азиадада чемпион атанған болатын. Сондай-ақ спортшының еншісінде үш дүркін Азия чемпионы атағы және әлем чемпионатының екі қола медалі бар.

Әжіқановтың қола жүлдесі – каратэден Қазақстан құрамасының осы жарыста алған бесінші медалі. Жалпы алғанда, ұлттық құраманың қоржынында 2026 жылғы Азия ойындарының 11 медалі бар: бес алтын, бір күміс және бес қола.