Энергетика министрлігі Қазақстаннан бензин мен дизель отынын әкетуге салынған тыйымды тағы жарты жылға ұзартты, деп хабарлайды ведомство басшысының бұйрығына сілтеме жасаған astana24.com.
Ресми құжат ҚР Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінің сайтында жарияланды. Онда Қазақстан алты ай мерзімге, атап айтқанда 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін жаңа шектеу енгізетіні айтылған.
Министрлік шешімі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге де қатысты. Бензин мен дизель отынын автокөлікпен де, теміржол көлігімен де әкетуге рұқсат етілмейді.
Бұдан бөлек, энергетика министрі алты ай мерзімге тағы бір тыйым салды. Оған сай, 2027 жылғы 1 қаңтар мен 30 маусым аралығында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттар, авиакеросин мен дизель отыны, газойль, толуол, ксилол және мұнай битумын әкетуге тыйым салынады.
Тыйым қанша уақытқа созылып жатыр
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қарашада энергетика министрінің міндетін атқарушы Қазақстаннан бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салу туралы бұйрыққа қол қойған еді. Бұйрыққа сәйкес, 2025 жылғы 20 қараша мен 2026 жылғы 20 мамыр аралығында аталған өнімдерді Қазақстан аумағынан, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкетуге жарты жылға тыйым салынған болатын.
2026 жылғы сәуірде тыйым 2026 жылғы 21 қарашаға дейін ұзартылатыны белгілі болды.
