Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйледі. Ол Қазақстан Халық кеңесінің мүшелеріне қандай жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтты, деп хабарлайды astana24.com Ақордаға сілтеме жасап.
️Президент консультативтік мекемеге кәсіби білігі жоғары мамандар, абырой-беделі зор, нағыз отаншыл азаматтар мүше болғанын мәлімдеді.
"Олардың қатарында жұртшылыққа белгілі тәжірибелі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен көптеген белсенді азаматтар бар. Құрылтайдың алғашқы отырысында айтып өткенімдей, ауқымды реформалардың арқасында мемлекеттік басқару ісіне жаңа, жасампаз, озық ойлы азаматтардың келуіне жол ашылды. Ел мүддесі үшін адал қызмет ету – зор мәртебе әрі қастерлі парыз. Осы орайда, сіздерге – Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Сіздер ел игілігі үшін табанды еңбек етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосасыздар деп сенемін. Ырысты ынтымағымызды, қоғамдық келісімді күшейту үшін белсенді түрде еңбек етесіздер деп ойлаймын", – деді мемлекет басшысы.
Ақорданың хабарлауынша, президент Қазақстан Халық Кеңесінің алдында тұрған міндеттерге ертең алғашқы сессияның негізгі отырысында кеңірек тоқталады.
️Еске сала кетейік, бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Кеңесінің төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды.
