Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде елдің стратегиялық мақсаты – Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру екенін айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Президент кейінгі уақытта қол жеткізген бірқатар жетістікті мақтан тұтатынын айтып, елдің 18 университеті биылғы QS World University Rankings тізіміне енгенін атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстанның 10 жоғары оқу орны 2027 жылғы Times Higher Education рейтингіне қосылған.
"2026 жылғы Жаһандық инновация индексінде Қазақстан аймақ елдері арасында ең жоғары көрсеткішпен көш бастап, орнықты өсім көрсетіп келеді. Алайда жаһандық бәсекелестік қызған кезеңде бізге арқаны кеңге салуға болмайды.
Қазақстан жоғары білімнің, ғылымның және халықаралық академиялық ынтымақтастықтың өңірлік орталығы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтуды көздейді.
Біздің стратегиялық мақсатымыз – елімізді Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру, жаһандық білім нарығының, әсіресе, өзекті әрі сапалы білім нарығының бір бөлігі болу.
Ғылым мен білімде жаттандылыққа, формализмге жол беруге, сайып келгенде, өзіңді алдауға болмайды", – деді президент.
