in

Құрылтай сайлауы: Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жасады

Бас прокуратура Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық кезеңінде қандай заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеп, тыныштық күні туралы еске салды, деп хабарлайды astana24.com.

Бас прокуратураның Telegram-дағы арнасында бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегеновтің үндеуі жарияланды.

Өтегеновтің айтуынша, бүгінгі таңда прокуратура органдары сайлау заңнамасын бұзудың 8 фактісін тіркеген, оның ішінде 3 факт – сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салуға және 5 факт – тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізуге байланысты.

"Әкімшілік жауаптылыққа прокурорлар қысқартылған тәртіппен жеті жеке тұлғаны және бір заңды тұлғаны тартты. Олардың барлығы кінәсін мойындады, әрекеттеріне өкінді және онлайн-платформалардағы заңсыз жарияланымдарын жойды", – деді Ерлан Өтегенов.

Ол сайлау алдындағы үгіт 2026 жылғы 22 тамызда, сағат 00:00-де аяқталатынын еске салды. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңының 32-бабы 1-тармағына сәйкес дауыс беру күні және оның алдындағы күнi кез келген сайлау алдындағы үгiтке тыйым салынады, яғни 2026 жылғы 22 және 23 тамызда.

"Осыған байланысты сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады.

Сол сияқты Интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдарын бұрынғы орындарында қалдыруға болады.

Бұл ретте, бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді.

Сондай-ақ толтырылған бюллетеньді фото-және (немесе) бейнетүсірілімге түсіруге және оны дауыс беру күні таратуға тыйым салынады", – деп еске салды бас прокурордың орынбасары.

Осы құқықтық шектеулер сақталмаған жағдайда үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде оны жүргізгені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабы бойынша әкімшілік жауаптылық туындайды: жеке тұлғаларға – 15, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңының 28-бабы 9-тармағына сәйкес қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерін дауыс берілетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берілетін күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейтінін тағы да еске саламыз.

Сондай-ақ сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пікірге сауал салуға тыйым салынады.

Көрсетілген құқықтық талаптарды бұзу әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады: жеке тұлғаларға – 10, заңды тұлғаларға – 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде", – деді Ерлан Өтегенов.

Сонымен қатар ол "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңының ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Оған сәйкес жиналыстарды, митингілерді және пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі, ал демонстрациялар мен шерулер үшін келісу тәртібі көзделген.

"Жоғарыда көрсетілген белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастырғаны және оларға қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабы бойынша айтарлықтай мерзімге қамаққа алуға дейінгі жаза көзделген.

Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен ұштасса, қылмыстық жауаптылық туындайды (ҚК-нің 400-бабы).

Масс-медиада жалған мәліметтер мен құқыққа қайшы контенттің таратылуына ерекше назар аударамыз, ол үшін қауіптілік дәрежесіне және келтірілген зиянға қарай Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық та, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша әкімшілік жаза да көзделген", – деді бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов.