in

Тоқаев Бақыт Нұрмұхановты Конституциялық сотта жаңа лауазымға тағайындады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бақыт Нұрмұхановты Конституциялық сот төрағасының орынбасары қызметіне тағайындады, деп хабарлайды astana24.com Ақордаға сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының судьясы Бақыт Маратұлы Нұрмұханов Қазақстан Республикасы Конституциялық сот төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды", – делінген хабарламада.

Конституциялық соттың мәліметіне сәйкес, Бақыт Нұрмұханов 1979 жылы 13 мамырда дүниеге келген. Ол Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің заң факультетінде қылмыстық құқық және қылмыстық процесс кафедрасының оқытушысы болып бастаған.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі аппаратының құқықтық бөлімінің консультанты, құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас сарапшысы, бас сарапшы, бас консультант, құқықтық сараптама бөлімінің талдау жұмысы секторының меңгерушісі қызметтерін атқарған (2003 – 2006).

Сондай-ақ Конституциялық Кеңес төрағасының кеңесшісі (2006 – 2011), құқықтық сараптама бөлімінің меңгерушісі (2011 – 2017), Конституциялық Кеңес аппаратының басшысы (2017 – 2022) лауазымдарында болған.

2008–2022 жылдары Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия жөніндегі Еуропалық комиссиясымен (Венециялық комиссия) байланыс жөніндегі офицер қызметін қоса атқарды.

Еске сала кетейік, 18 қыркүйекте Эльвира Әзімова Конституциялық соттың төрағасы болып қайта тағайындалды, тиісті жарлыққа президент қол қойды.