Entertainment Weekly басылымының хабарлауынша, 77 жастағы америкалық музыкант катетерлік абляция процедурасынан кейін қалпына келу үшін Sing a Song All Night Long концерттік турнесін уақытша тоқтатты, деп жазды astana24.com.
Америкалық поп-орындаушы Лайонел Ричи аритмияға байланысты жүрегіне медициналық процедура жасатты. 77 жастағы әртістің өкілі отаның сәтті өткенін және музыканттың жағдайы жақсы екенін мәлімдеді.
Музыканттың ресми өкілінің айтуынша, Лайонел Ричиге жүрекшелер фибрилляциясын емдеу үшін кең таралған процедура қажет болған.
"Дәрігер бәрі ойдағыдай өткенін айтты. Лайонел өзін тамаша сезінеді, бірақ аз уақытқа демалыс алып, жақын арада сахнаға оралады", – делінген орындаушы командасының ресми мәлімдемесінде.
Оңалу қажеттілігіне байланысты әртіс Earth, Wind & Fire тобымен бірге Сан-Франциско, Чикаго және Колумбус қалаларында жоспарланған алдағы үш концертін кейінге шегеруге мәжбүр болды. Музыкант соңғы үш айда дәрігерлерге үш рет жүгінген. Маусымда ол бас айналуы мен ағзаның сусыздануына байланысты өнерін мерзімінен бұрын тоқтатқан болатын, ал тамыз айының соңында жүрек-қан тамырлар жүйесін тексерту үшін Сент-Луис қаласындағы қарқынды терапия бөлімінде бірнеше күн өткізді.
Жүрекшелер фибрилляциясы – жүрекшелердің жиырылуының бұзылуына әкелетін жүрек ырғағының ауытқуы. Патологияны жою үшін жүрек тіндеріндегі қалыптан тыс электрлік импульстерді бөгеуге бағытталған аз инвазивті процедура – катетерлік абляция қолданылады. Музыканттың өкілдері ол осы күзде Лас-Вегастағы концерттерін қайта бастай алады деп үміттенеді.
