in

Дэйзи Ридли "Путешествие на дно моря" фантастикалық сериалының ремейкінде басты рөлді сомдайды

"Звездные войны" жұлдызы Legendary Television ұсынған жаңа сериалдың атқарушы продюсері болмақ. Бұл туралы astana24.com The Blast басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

"Звездные войны" трилогиясындағы Рей рөлімен танымал британиялық актриса Дэйзи Ридли "Путешествие на дно моря" (Voyage to the Bottom of the Sea) ғылыми-фантастикалық жобасын қайта түсіру жұмыстарында басты рөлді сомдайды. Сериалды Legendary Television компаниясы Paramount+ стриминг сервисі үшін әзірлеп жатыр. Ридли сондай-ақ сценарист Акива Голдсман және режиссер Мэтт Шекманмен бірге жобаның атқарушы продюсері атанады.

1961 жылғы фильм мен ABC арнасының осындай аттас шоуы негізінде жасалып жатқан жаңа сериалдың сюжеті Ридли сомдайтын океанолог Ли Крейннің төңірегінде өрбиді. Арктикалық экспедицияда егіз сыңары қаза тапқаннан кейін кейіпкер құпия үкіметтік бағдарламаға қосылады. Операцияның басты нысаны — мұзға қатып қалған ретрофутуристік USS Seaview сүңгуір қайығы. Кеме тек Ли бортқа мінген кезде ғана іске қосылады. Экипажды басқарған ол тылсым күштерді тежеу, адамзаттың ақтаңдақ тарихы мен аты аңызға айналған Атлантида туралы шындықты табу үшін қауіпті су асты миссияларына аттанады.

Сериалдағы жұмыстан бөлек, актриса Джонни Депп, Руперт Гринт және Иэн Маккелленмен бірге ойнаған режиссер Ти Уэсттің "Эбенезер" (Ebenezer) фантастикалық драмасының премьерасына дайындалып жатыр. Картинаның АҚШ пен Ұлыбританияда прокатқа шығуы 2026 жылдың 13 қарашасына жоспарланған. Сондай-ақ Ридлидің жоспарларында режиссер Шармин Обаид-Чинойдың "Звездные войны" әлемі бойынша түсіретін жаңа фильмінде Рей рөлін сомдау да бар.