Маңғыстау облысында із-түзсіз жоғалған үш азамат аман-есен табылды, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасаған astana24.com.
Polisia.kz мәліметінше, Маңғыстау облысы полициясының қызметкерлері Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде хабарланған, Бекет ата жерасты мешітіне барғаннан кейін хабар-ошарсыз кеткен үш азаматты ауқымды іздестірулерден кейін аман-есен тапты.
Азаматтар мінген автокөлік Қыдырша ата аумағынан шамамен 35 шақырым қашықтықтағы жетуі қиын жерден табылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, көлік батпақты жерге батып қалып, салдарынан олар әрі қарай қозғала алмай, байланысқа шыға алмаған. Іздестіру барысында жоғалған азаматтарды Бейнеу аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Нұржігіт Базарбаев және Бейнеу аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің аға инспекторы Бауыржан Нұрмұханбетов тапты.
Азаматтар медициналық тексеруден өткізу үшін Ақжігіт ауылына жеткізілді. Олардың денсаулық жағдайын дәрігерлер тексереді.
Полиция іздестіру жұмыстарына қатысқан барлық қызметтерге алғыс білдірді.
"Полиция қызметкерлерінің, төтенше жағдайлар бөлімшелерінің және жұмылдырылған өзге де қызметтердің үйлесімді әрі жедел әрекеттерінің арқасында іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды", – делінген Polisia.kz хабарламасында.
